21.09.2022
191
Шетелге бала сатқандарға
Ақшаны биiк қойып парасаттан,
Не сұмдық Құдайсызға бала сатқан?!
Қазақ боп кеткен ұлды қазақ қылып
Қайтара алар ма едiк болашақтан?
Ынсап жоқ сабырға да келсек деген...
Сәбиге не жын қалды көрсетпеген?
Қазақтың «құшағымен» бүтiн сатып,
Кәпiрдiң пышағымен бөлшектеген.
Үйi аздай жетiмдердiң қорлап келген,
Жер ауып, жат жұртта да сорлап көрген –
Сәбидiң бүйрек, бауыр, қанын сатып,
Кәпiрдiң денсаулығын қорғап берген –
Қазақтың жетiлмесе ой-талабы
Жойылып кетсе түбi жай табады.
Өзгеге кеткен ұлың тегiн бiлмей
Дұшпан боп сазайыңды қайтарады.
Тезiрек жету үшiн қаз-қалыпқа
Құдайым ұрпақ берсiн аз халыққа!
Бейбiт күн бала сатқан сатқындарға
Соғыста елiн сату сөз болып па?...