АР-ҰЯТ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ
Адамның жауы – ар-ұят..
Ал, айтшы, солай емес деп.
Ендеше, сенiң жаның ақ,
Көзiңде неге көмескi от?
Көзiңнiң оты көмескi..
Өйткенi, нəр жоқ бойыңда.
Не болушы едi – өлексе
Бұралқы иттiң ойында?
Сол итпен сорың бiр болса,
Адам деп сенi кiм айтпақ?
Ар сақтаған аш қарын,
Аранын немен жұбатпақ?
Жан азығы – тəн болса,
Қорексiз тəнге күш қайда?
Аш дене уға алданса,
Ар-ұят артын қыспай ма?
Ар сақтап жүрсiң, ал, бiрақ,
Жаныңды қайда қоясың?
Ол байғұс, əне, шырқырап,
Iздейдi өмiр саясын.
Ар-ұят керек өзiңе!
Жайлы өмiр – жəне арманың..
Сан айттық саған кезiнде:
«Анжақта» ұжмақ қалғанын.
Ұқпайтын соны кеще ме ең,
Бұ дүние жəне жалғанын?
Ар-ұят дейтiн аш немең,
Шайтанға мазақ болғанын?
Iбiлiс Арды сүймейдi-ақ,
Адамнан аран туылды.
Ұятқа орын тимей қап,
Ұжмаққа қайта қуылды.
... Миыңа сенiң мың құйдым:
«Адамның досы – ар-ұят».
Қолында құран – мүфтидiң,
Алдында – қымбат коньяк.
Байғұстың бағын күндеме,
Бiр құдай билер барлығын.
Құтылмас екi дүниеде,
Ар-иман – сенiң тағдырың.