МЫРҚЫМБАЙДЫҢ МЫРЗАСЫ
Мырқымбайдың мырзасы – мықшыңбайжан,
Аумайды ғой, аумайды ныспың байдан.
Бiрақ сенi ол ағаң менсiнбейдi,
Жалбыр тонды жаныңды ұқсын қайдан.
Жалын шарпып бойыңды ұшқынды ойдан,
Қалбалақтап, қарағым, түстiң бе Айдан?
Өзiң де бiр ғажайып пақырсың-ау,
Бiр тойғаның болғандай үш күн мейрам.
Арқаңда – қап, қолыңда – қоқыс жаймаң,
Шатқаяқтап басасың, тайраң-тайраң.
Бiр басыңа жүретiн билiгiң жоқ,
Бұл түрiңмен тигендей кiмге пайдаң?
Қайырым күттiң қалайша қарынбайдан,
Сол емес пе – шоқып жеп, көзiңдi ойған,
О дүниеде не айтып, ақталасың,
Қорлағаның жаныңды – кетпес ойдан.
Шамаңды бiл, не теңiң – сауық-сайран,
Жазың өттi, бейшара, қысқа сайлан.
Қайда бара жатырсың, қайдан келiп?..
Оны сұрап бiлермiз жел мен сайдан.
Бiрақ, сенсiз бiзге де қиын, айнам,
Шаршап келiп жатырмыз кiлең тойдан.
Барлық шаруа қарап тұр бiр өзiңе,
Бiтiре сал бəрiн де құшақ жайған.
Қозғала алмай жатырмыз аппақ майдан,
Жеткiзсеңшi жотаға бiздi сайдан.
Сенсiз аттап басуға шамамыз жоқ,
Қара өгiздей күштiм-ау, ойхой, қайран!
Мырқымбайдың мырзасы... Күшiң – хайуан,
Көтерушi ең өгiздi кiшкентайдан.
Ел өзiңе сенiмiн артып отыр..
Есiл ерiм, пау, шiркiн, шықсаңшы ойдан.