20.09.2022
  120


Автор: Ғұсман Жандыбаев

САҒАЛБАЙҒА

О, Сағалбай!
Мойның бар он қамыттан босағандай.
Қара өгiз, көк есектер, мал демесең,
Өзiңнiң тартпай кеткiр қос ағаңдай.
Солардан аумай қалған сықпытыңа
Ыржаңдап қарайды əркiм, есалаңдай.
Мысыққа ойын керек, тышқанға – өлiм,
Сен бiлiп шiренбексiң, не шамаңды-ай.
Жазған-ау, жапырайған байғұс басың –
Үстiне жаппа жиған шошалаңдай.
Қарашы, бай көршiңе оқшырайған,
Түйесiз жерде өскен ошағандай.
Рақатын бұл дүниенiң ол қызықтап,
Сен болсаң, тек бейнетiн хош алардай.
Төбеңе шырт түкiрiп жоғарыдан,
Анау тұр айтарлық iс жасағандай.
Қиыннан қисындырар құр мақтанға
Алдына жан салмайтын қашағандай.
Түрiң бар жерге қарап тұқшырайған,
Түк ұқпас не бiр топас, не сараңдай.
Сүйрейсiң қамытыңды күнi бойы,
Титықтап, тəлтiректеп мас адамдай.
Қай жерiң артық ендi сол пақырдан,
Түрiңнен кiсi именiп, тайсағандай.
Демiңнен темекi мен тер сасыған
Сау адам сасқалақтап, шашалардай.
Серiм-ай, жалғыз шалбар, сексен жамау,
Батпақтан мүсiнiңдi жасағандай.
Сен де бiр жаратқанның құлысың-ау,
Кетпен бас, қақ саусағым, аша маңдай.
Құмырсқа тiрлiгiңдi-ай тырбаңдаған,
Ұйқыңды айт, ғұмырыңда бiр қанбаған.
Ойлама жұрттың бəрiн өзiңдей деп,
Мұңсыз көп бұл дүниеде ырбаңдаған.
Соныға iз түсiру, тыңға – соқпақ,
Пендеге оңай тiрлiк бұл болмаған.
Жотаға шығамын деп күшенгенмен,
Бұрлығып бұқпа сайда кiм қалмаған.
Əке бiр – алдыңғы арба, бала соңғы,
Бiр жортақ, жолдары ортақ бұлғаңдаған.
Бұйырған бiреуге сор, бiреуге бақ,
Емедi теңсiздiктi туғанда адам.
Əнебiр арқалығы алтын бесiк –
Ішiнен бай шықпай ма ырғаңдаған.
Көнетоз, сыры кеткен бiреуiнде
Жатады жарлы байғұс мылжаңдаған.
Сəбидiң бəрi жақсы бесiктегi,
Шығады қулар қайдан мыңды алдаған.
Қасқыр мен қойдың екi ортасында
Түлкi де жүрмей ме екен жылмаңдаған.
Айуаннан айырмасы қайсы адамның,
Қит етсе, бiрiн-бiрi жұмбарлаған.
Кедеке, бай мен патша сенi қайтсiн –
Бiр рет ғұмырында шырланбаған.
Шыңғырып тышқаннан соң, шымшып iшiп,
Ерiктi мүсəпiрiң – құлдан жаман.
Япырым-ай, күлкiлi едi қандай түрiң,
Өзiң аш, тоқ мырзаны алғайтының.
Аяғым көктен келiп жүрмесiн деп,
Көңiлiн қожайынның аулайтының.
Сөйтiп ап, арамтамақ боқ қарын деп,
Жатып кеп, байкеңдердi қарғайтының.
Əлiңе бiр қарамай, өстiп жүрiп,
Бос тұлыпқа мөңiреуден танбайтының.
Тұтқасын бұл дүниенiң қолыңа ұстап
Тұрғандай, өзiңдi өзiң алдайтының.
Кеш жатып, ерте тұрып, күнге күйiп,
Құйрығың жер иiскемей, заулайтының.
Жүрсең де зыр жүгiрiп, дедек қағып,
Баға алмай бiр жаныңды, зарлайтының.
Тентiреп жүрiп терген несiбеңдi
Имансыз суқиттарға арнайтының.
Сонда да сорың батпан, бағың соқыр,
Бiр қақпан – қайда барсаң қармайтының.
Сумен тең құмға құйған – төккен терiң,
Дүниеде өзiң суға қанбайтының.
Болғанмен iсiң адал, ақың арам,
Бiр алғыс бiрегейден алмайтының.
Есеңдi оған кеткен – елден көрiп,
Өзiңдей өнiмсiзден даулайтының.
Оныңа кеңк-кеңк күлген кеселдiнiң
Бiр қолын екеу етiп жалғайтының.
Япырым-ай, күлкiлi едi қандай түрiң?!
Сағалжан, шашыңнан көп бiлмейтiнiң,
Ақсаусақ ағайын ба – күндейтiнiң.
Сен оны арамтамақ қу дейсiң-ау,
Сезсеңшi оның сенi кiм дейтiнiн.
Керенау, мисыз кердең, ойсыз жалқау –
Осы ма сырт күмпиткен дүрдей түрiң?
Балға, шот, кетпен, күрек – бəрi қожа,
Тапшы бiр иығыңа мiнбейтiнiн.
Сонда да оңа қояр сықпытың жоқ,
Белгiлi кертiп қазы тiлмейтiнiң.
Баяғы бықысыған бiр көк түтiн –
Көзiңнен жас шұбыртып үрлейтiнiң.
Иықтан басып тұрған қырсығың бар,
Риясыз рақаттанып күлмейтiнiң.
Өмiрi жер тырмалап өткеннен бе –
Еңсеңдi бiр көтерiп жүрмейтiнiң.
Жайқалтып егiн өсiр, мыңғыртып мал,
Айтады ақылдылар кiм жейтiнiн.
Жəне бер өнерiңнiң майын сығып,
Солардың көркi емес пе түрлейтiнiң.
Басыңда шайнам ақыл болмаған соң,
Кiнəны кiмнен көрiп, iздейтiнiң?
Шiренген ат үстiнде кiлең сабаз,
Айтсайшы айбарлысын бұл кейпiнiң.
Шiркiн-ау, сезсең едi, сол түрiмен,
Көзiне көн шоқпытты iлмейтiнiн.
Түбiнде құм жиналып тау болғанмен,
Тауың – тау, құм емес пе –құм дейтiнiң.
Күмпиiп iсiнгенiң кiмге керек,
Қашанда бiр қысқа жiп – күрмейтiнiң.
Өзгерген дəнеңе жоқ, əлi де сол –
Кəнiгi көн терi ғой илейтiнiң.
Iлгенiң иiнiңе – көне шоқпыт,
Осы ма күштiге бас имейтiнiң.
Бiз түгiл, құдайға анық, бұл түрiңмен
балпаңдап ақ боз үйге кiрмейтiнiң.
Бар болсын тыраштығың! Одан дағы
Мойында мойынды бас билейтiнiн.
Атты адам
қара табан қас жаяудың
Шаужайдан жармасқанын сүймейтiнiн.
Ендеше, айдалаға босқа лақпа,
Марқасқа маңғаздарға күйе жақпа.
Ақшамен шай қайнатқан сабаздардан
Ақыл ал несиеге, көңiлiн тап та.
Ауырдың астына түс көк өгiздей,
Ал, игi жақсыларға үстiн бапта.
Мысалы, үйiр-үйiр бие байлап,
Қымызын өзiң iшпей, оған сақта.
Өсiрген тұлпарыңды паңға сыйлап,
Қал өзiң «Қара жаяу» деген атқа.
Еңбексiз ебiн тауып бай болғандар
Анықты жүгiртпей ме алуан саққа.
Қарғаның көзiн қарға шұқымайды,
Қайсысы қонжиса да алтын таққа.
Бұл да бiр тiршiлiктiң заңы деп қой:
От – суға, азық болар ағаш – отқа.
Екеудiң сыбағасын бiреу жемей,
Айналмақ арамтамақ қайтiп тоққа.
Пенденiң басы жұмыр, iшi тұлдыр,
Ұқсайды жел айдаған құр қаңбаққа.
Құдайдан қорқамын деп аузы айтқанмен,
Оны да алдап соқпақ, iсi басқа.
Түбiнде əңкiр-мүңкiр жауап алар
Күн туса, күнə жұқпас жаны аққа.
Кiм өтiп қыл көпiрден, кiмi қалар?
Ол жағын тапсырармыз əдiл Хаққа.
Аха-ау, қара торғай!
Жүрсiң зорға-ай.
Басыңда жылы ұяң жоқ, алдыңда жем,
Мiскiн-ау, қалыпсың ғой əбден оңбай.
Жексұрын тiрлiк үшiн тыным таппай,
Тозыпсың отын артқан ыңыршақтай.
Сен ғана қарыз ба едiң бұл жалғанға,
Бейшара, шырылдайсың жерге қонбай.





Пікір жазу