20.09.2022
  106


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Сарпылдап, сарылдырып өттi күндер –

Сарпылдап, сарылдырып өттi күндер –
Батпақты сорп-сорп кешкен сиырларша.
Жер таппас жанын қояр кектi гүлдер –
Жапырып, таптағанда құйын малша.
Сол гүлден сенiң қандай айырмаң бар,
Құдайым етпеген соң күйiңдi онша.
Бiлуiң мүмкiн емес – қас қаққан соң
Жазмыштан алар тағы сыйың қанша.
Махшарда жаның күймес жайыңды ойла,
Iш арам, сыртпен алдап сыйынғанша.
Барға аспа тiршiлiкте, жоққа налып,
Күнi ертең бəрi қалар шиыр жолша.
Алады тəңiр соты жаннан сұрақ,
Табиғат хақ заңымен қиюланса.
Əйтеуiр, кем мен артық бiр теңеспек,
Су асық өрден төмен құйылғанша.
Зауал бар күнəһарға – Жаратылыс
Əлемдiк əдiл заңмен түйiн жарса.
Тамұқтан табылуың соншама оңай,
Пейiшке жету қандай қиын болса.
Ғұмыры бұл пенденiң – қысқа бұйда,
Бұлтартпас қылша мойның қиылғанша.
Алладан сатып алған өмiрiң жоқ,
Кемдi күн тайраңдайсың бұйырғанша.
Хан менен қараша тең дүниеде,
Бұл жалған – бiр дастарқан жиылғанша.
Бiреуден артықпын деп əсте ойлама,
Басыңда шайнам ақыл, миың болса.





Пікір жазу