20.09.2022
  126


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ОРМАНДАҒЫ ƏҢГIМЕ

Аң патшасы арыстан
Халқын жиып жар салды:
– Хабар еттi сауысқан,
Шолып келiп оң-солды.
Мұндайды кiм бiлiптi,
Жауыз екен бұл тышқан.
Арамызда жүрiптi
Арам пиғыл сұм дұшпан...
Арыстанның аузынан
Шығуы мұң осы сөз,
Аң атаулы шуласып,
Қостап кеттi оны тез:
– Ұрə! Тышқан жау екен,
Оның көзi жойылсын! –
Деп даурығып аң бiткен,
Өңештерiн айырсын.
«Бұл қалай?» деп ешбiрi
Бас қатырып жатпады.
Жеткенiнше тiлдерi,
Тышқанды олар даттады.
Ертеңiне арыстан
Халқын тағы жинады.
– Хабар еттi сауысқан:
Тышқан қандай ибалы!
Нағыз дүлдүл сол екен,
Нағыз бұлбұл сол екен.
Ердiң ерi, данышпан,
Басқан iзi неге тең!
Арыстанның аузынан
Шығуы мұң осы сөз,
Аң атаулы шуласып,
Хоштап бердi оны тез:
– Жаса! Тышқан ер екен!
Тышқан мəңгi жасасын! –
Деп даурығып аң бiткен,
Түкiрiктерiне шашалсын.
«Бұл қалай?» деп ешбiрi,
Бас қатырып жатпады.
Жеткенiнше тiлдерi,
Тышқанды олар мақтады.
Жұрттың гу-гу сөзiмен
Тек мысықтың iсi жоқ.
Аңдып отыр, көзiмен –
Тышқан iнiн iшiп-жеп.
Аң патшасы арыстан
Ендi не деп жар салмақ?
Дандайсыған сауысқан
Қанша жүрер талтаңдап?
Бəрiн айт та, бiрiн айт,
Қайырсыздың құлқын айт.
Арыстанның өзi емес,
Аузын баққан жұртын айт.





Пікір жазу