20.09.2022
  80


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Бұл құдайдың бұйрығына не дейiн!

Бұл құдайдың бұйрығына не дейiн!
Сақтанбаудан сарсаң болды-ау мерейiм.
Үрген итке тас атам деп, иесiн
Əулиесiтiп, қор болғаны-ай өр ойым.
Ашықтығым пасықтыққа баланды,
Аузымды ашсам, көрiнiп қап көмейiм.
Адалыма қоса салды арамды,
Арымды ендi қайда апарып төгейiн.
Қолға түскен генералдай қорланып,
Пұшайман боп тұрам деген жоқ ойым.
Амалым не, бұйырмады бетбақтық,
Бейдауаны қай түрiммен жеңейiн.
Жеңбесiм хақ, бiле тұра осыны,
Шоққа түстiм! Оны кiмнен көрейiн.
Бəрi өзiмнен, жұртқа жуас түйе боп
Жүре бермей нем бар едi, шөгейiн.
Əттең, бiрақ, өктемдiк пен бопсаның
Шылауына шыдап қалай ерейiн.
Сойған түлкi секiлденiп, ырсиып,
Төзбесiме қайтiп қана көнейiн.





Пікір жазу