20.09.2022
  107


Автор: Ғұсман Жандыбаев

БIЛДIК ПЕ БIЗ...

Бiлдiк пе бiз қоғамның қаны азғанын,
Айғыр санап жүрiппiз кəрi азбанын.
Азбандардың атына арыз тасып,
Қайран менiң қор болған қағаздарым!
Бiлдiк пе бiз таза қан таусылғанын,
Буынында қоғамның сарсу барын.
Тасқа шағылып шашылған көз жасындай,
Қайран менiң қор болған жан сырларым.
Бұл тас – кəрi азбанның бүйрегi ғой,
Құлағына арызың тимедi ғой,
Есесiне, құйрығы қырық құлаш,
Жан сырыңды тулақша сүйредi ғой.
Сол құйрыққа тағдырың таңылған соң,
Түңiлмеске шараң не жаныңнан сен.
Мүйiз сұрап, құлақтан айрылғандай,
Шығып қала берерсiң пəрше-пəршең.
Ал, құйрықтың астында терең құдық,
Құдығының аузында – керең құлып.
«Құтқара гөр, өлдiм!» деп шыңғырсаң да,
Селт етер ме сөзiңдi елең қылып.
Бержақтағы жазуы – «Арыз» бенен
Аржақтағы жазуы – «Парыз» деген,
Менмұндалап жəне бiр тақтайша тұр,
Қарауыл бар қасында сағыз жеген.
Сағызының аты – «Арыз», соны шайнап,
Қарауылдар «Тамыр мен таныс» ойнап,
Бөртiп отыр, ұшынан жеңдерiнiң
Желiп өтiп саулы iнген, сары тайлақ.
Сен отырсың үйiңде əбден мəз боп,
Арызымды Дөкейге жолдадым деп.
Қарауылдың ол шықты қалтасынан,
Жел айдаған қаңбақша қалбаңдап кеп.
Қарағандай жақтырмай қас жауына,
Бас қарауыл бердi оны жастауына.
Ал, жастауы шетiнен кертiп көрiп,
Тастай салды құдықтың астауына.
Бiр түйменi содан соң басып қалды,
Салдыр-гүлдiр, бiр жаққа асықты əлгi.
Бiреуге – арыз, бiреуге сағыз қағаз
Құдықтың дəл түбiне босып барды.
Жеттi арызың аңсаған жерiне ендi,
Отан үшiн құдыққа түсiп өлдi.
Шекең қызды сенiң де, арызыңды
Қайталашы тағы да оңды-солды.
Қайран Арыз! Қапыда ол мерт болды.
Оған Үлкен ескерткiш қояды ендi.
Өлдi деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын арызы қалған ердi.





Пікір жазу