20.09.2022
  136


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Күту

Күтемiн,
күтемiн мен, күт деген соң,
Күтпеске амалым не, бiтпеген соң.
Билiктiң бар тұтқасын қолдарына
Жиып ап, қаймана елдi үптеген соң.
Өздерi болғаннан соң тақсырымыз,
Тап солар – қамқор аға, жақсы iнiмiз.
Дамбалын сыпырады алдарында,
Ешкiмге айтылмайтын ақ сырымыз.
Мəселен, оған келсең – сен былайсың:
Бiр шаршы «кiш» ететiн жер сұрайсың.
Алдында өзiңдi өзiң əбден қорлап,
«Ағатай, аясаңшы» деп жылайсың.
Аяғын құша құлап, барып өкiр,
Тақсырдың айызы оған қанып отыр.
Бiрақ ол сыр да бермей, тiс те жармай,
«Күтiңiз...» деп сыздықтап, əрiде тұр.
Қолына тағдырыңды уыстап ап,
Тоңқиып əне отыр ол, қырыс қабақ.
Болмаса одан пəрмен:
киiм киiп,
Хақың жоқ iшуге де дұрыс тамақ.
Өз құқы өзiнде жоқ жас баласың,
Сұрайсың... Бермей қойса, аш қаласың.
Ол аз ба... Оған қойған күзеттiрiп
Құдай мен өкiметтiң баспанасын.
Сұрайсың, күмiлжисiң, пəс боласың,
Жылайсың, қатты айтуға жасқанасың.
Ол «жоқ!» деп, тақ төбеңнен тоқ еткiзсе,
«Тақсыр...» деп, артпен жүрiп, аттанасың.
Айтпасаң жұмсақ алғыс – қатты «жоққа»,
Ертеңгi күнiң қараң, еске сақта.
Тақсырың күлiп отыр, бiлiп отыр
Əлi сан келерiңдi сен бұ жаққа.
Күтесiң, күндеп, айлап, жылдар бойы,
Тақсырың отырады аузын жұмған бойы.
Өйтпей ше? Оның саған айтар сөзi
Жоқ! Жəне белгiлi ғой тыңдар гөйi.
Күтесiң, жүрмейдi алға жөндi шаруа,
Түсесiң ұзын арқан, кең тұсауға.
Ей, қалқа, өстiп жүрiп ауру тапсаң,
Ұқсауың қиын болар ендi сауға..
Күте бер үнсiз-түнсiз... «Күт» делiндi.
Шошайтпа, шошаңдатпа сұқ қолыңды.
Құдайдың өзiне айтарсың арызыңды,
Бiр күнi бiлмей қалсаң бiткенiңдi.





Пікір жазу