Жендет, жендет! Сен менiң
Жендет, жендет! Сен менiң
Шабасың ба басымды?
«Анаулар» ғой – сенгенiң,
Маған тiсi басулы.
Домалатқан солар ғой,
Өрге сенiң тасыңды.
Тап бiр кербез адамдай,
Кергiлейсiң қасыңды.
Айбалтаны құлаштап,
Сермеуге ойың бас ұрды.
Арам қолмен ластап,
Қорладың-ау асылды.
Бұл сұмпайы қолыңмен
Қанша адал қан шашылды.
Бояйсың ба, сол умен
Анау аппақ шашыңды?
Қабаған ит секiлдi,
Шашыраттың насыңды.
«Бол!» деп иең жекiрдi,
Оның жүзi ашулы.
Қанға құныққан араның
Менiң отты жанарым
Зəре-құтыңды қашырды.
Жастық ете өлгiм бар
Сендей құзғын масылды.
Көрмейсiң ғой сен мұңдар
Жаныңды алар жасынды.
Ойлайсың-ау, өстiп бiр
Аламын деп өшiңдi.
Өз мойныңа тозақтың
Қыл тұзағы тосылды.
Арға балта сiлтеп жау,
Арсыздығын асырды.
Қара күйе – бүркеп дау,
Қанның iзiн жасырды.
Жанға түскен жарадан
Ердiң қаны тасынды.
Ыза менен наладан
Ел толқыды, ашынды.
Жендет, сенiң өтiңе
Ажал уы қосылды.
Қаны қашқан бетiңе
Қарғыс таңба басылды.