Даланың кешегi өлген
Даланың кешегi өлген
Денесiн неше бөлген,
Тажалды көшелермен
Мен əлi жүрiп келем.
Ол маған ендi бөтен,
Буайын белдi бекем.
Несiне ердiм екен,
Алдамшы үмiтке мен.
Осы деп бақыт жолы –
Бiз сендiк, ендi оны
Ұйтқыған уақыт желi
Өшiрер жер бетiнен.
Көшiмдi тасқа айдадым.
Дұшпаннан дос сайладым.
Бармақты кеш шайнадым.
Өткенге ендi өкiнем.
Асылзат арысым мен
Əкелер қаны сiңген
Жолдар бұл, əрi iсiнген –
Өңешi зор қаланың.
Түбiнен қалалардың
Зиратын бабалардың
Қайтсем мен таба алармын?
Соны ойлап толғанамын.
Менiң де терiм сiңген
Жолдардан не күтiп ем?
Үмiт бос. Оны кiмнен
көрейiн –
көнгеннен соң.
Тағдырым таңылған-ды.
Сөлiмдi, қанымды алды.
Əйтеуiр жаным қалды –
Бiр құдай дем берген соң.
Алдымнан шаң көрiндi..
Түгендеп бар-жоғымды,
Табайын Ақ жолымды,
Көшiме көлiк қамдап.
Оңынан туып Айым,
Қыдырға жолығайын,
Баянды болсын лайым,
Аңсатып жолыққан бақ.