20.09.2022
  128


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Ебiн тапқан кей қарға

Ебiн тапқан кей қарға
Бүркiтпенен ойнар-ды.
Лақты теке қойғанға,
Арсыз жайды ойға алды.
Тойған мысық айранға,
Одан терiс айналды.
Бармағандай ол маңға,
Мұртын жалап жайланды.
Күннiң көзi тайғанда,
Көктi билеп Ай қалды.
Батыр өлiп майданда,
Қорқаққа атақ байланды.
Ел түскенде ойранға,
Ерлер кетiп айбарлы,
Масайратты сайлауда,
Екi аяқты айуанды.
Жағалары жайлауда,
Солар салды сайранды.
Аяқ-қолы байлауда –
Таппады ерлер қайранды.
Неге түстi айдауға,
Сол жампоздар ойлы, арлы?
Олар бармақ шайнауға
Тиiс пе едi?.. Шайналды!
Басты ұрмадық қай жарға...
Кекке намыс қайралды.
Ел ертеңiн ойларда
Қайта таптық айбарды.
А, сүйiншi, ақсарбас!
Ел мерейi тойланды!
«Елiм-аймен» аттандас
Өр ұраны ойналды!
Тобын жиып – тозған көш,
Теңдер қайта тайланды.
Жолға шықтық, шұбыртып –
Бота, бұзау, тайларды.
Ендi басқа ұрмаймыз,
Көш бастайтын байларды.
«Батырақ» деп тұрмаймыз
Алақанын жайғанды.
Ал, жайлауға айдайық
Жылқы, түйе, қойларды.
Жетiп бие байлайық,
Ұйытайық айранды.
Əумин!





Пікір жазу