Саған пара берер ем
Саған пара берер ем,
Немдi берем, ал, бiрақ?..
Арқамда жоқ керегем,
Төбемде жоқ шаңырақ.
Шаңырағым бар болса,
Шалқақ басып келмес пе ем.
Төрт кереге – тал болса,
Дөңгелентiп кермес пе ем.
Шалқақ басып келген шал –
Дана болмай немене.
Дөңгелентiп керген тал –
Пана болмай немене.
Дана болар нарыңды
Шөкiм еткiң келе ме.
Пана болар талымды
Отын еткiң келе ме.
Тұлпар шығар тайыңды
Тоқым еткiң келе ме.
Ақ борықтай ойымды
Қоқым еткiң келе ме.
Жүрегiмнiң жұлдызын
Саған қалай берейiн.
Түнге айналса күндiзiм,
Оған қалай көнейiн.
Жарығы үшiн дүниенiң –
Саған алғыс айтам ба.
Келiп тұр деп билегiм,
Рұқсат сұрап қайтам ба.
Көңiл көнбес кемдiкке,
Тұрма оның жолында.
Маған керек кеңдiк пе? –
Ол да сенiң қолыңда.
Сенен сұрап неге мен
Ауа жұтам, су iшем?
Амал қанша, бөгелем...
Түсiнбейсiң мұны сен.
Талды қайдан табамын,
Отап алдың оны сен.
Панасы мол даланың
Əмiршiсi тағы сен.
Сол даланың ризығы
Маған да ортақ едi ғой.
Суының да сылдыры –
Сырқатымның емiндей.
Соның бəрiн басып ап
жамбасыңның астына,
Азулыны асырап,
Айбынсызға осқыра,
Елдiң қамын жегенсiп,
өз жемiңдi аңдисың.
«Тəйт əрi!» жоқ еренсiп,
Таза жерге саңғисың.
Жең ұшынан жол салып,
Iз жасырған боласың.
Тоймағандай томсарып,
Айналаңды шоласың.
Мен алдыңа келмес ем –
Тонап алдың барымды.
Ашуға ырық бермес ем –
Қараладың арымды.
Керегемдi сенсiз-ақ
керер едiм,
жанымды
Сол күйзелттi:
шаршылап
Қиып алдың талымды.
Мен алдыңа бармас ем –
Қамқоршы əке табылды:
Қойды саған қаратып –
Күнiм менен таңымды.
Жанашыр аға сен бе едiң –
Жақсартатын халiмдi?
Тасқа қылыш сермедiм:
«Кеңiтшi, – деп, – тарымды».
Əддiм құрып, əттең-ай,
Тасқа жаным шағылды.
Шырылдаған көк торғай
Бiр құдайға шағынды.
Бұл зар, бəлкiм, құдайдың
құлағына шалынды.
Шоршып... неге мұңайдың,
шоқ тескендей шабыңды.
Тəубесiздiң иманы
бар дегенге кiм сенер.
Имансыздың ыржаңы
Күлкi үстiне күл себер.
Əкiмшiк-ау, тақ-тұқ-ты –
тар көңiлге сыймағы.
Сен қимаған шаттықты
Тəңiрiм маған сыйлады.
... Алтын басың – бақыр бiр,
Күнiң түссе наданға.
Иманы жоқ дiнсiзден
Құдай жақын адамға.