20.09.2022
  183


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Жалған туыс

Жаратса егер пейiлдерiн сыймас қып,
Жалған туыс – көз бояушы сыйластық.
Ұрпағында орға жығып жатады
Әкелерiн тұтастырған қимастық.
Арлы туыс сын сағатта шыдайды,
Арсыздары пысқырмайды Құдайды.
Бүтiнделген жыртығын да ұмытып,
Сыр алдырмай сыбайды кеп, сыбайды.


Тыным бермей төрiңдi алса кезекпен
Туыс – қонақ,
Тiрлiгiңе көзi өткен,
Кiре бере қошаметке масайып,
Шыға бере жыртығыңды сөз еткен.
Жарыта алмай сәлемге де жарлысын,
Жалған туыс iрiктейдi әлдiсiн.
Сыйластығы өлшенедi сыйлықпен
Сығып алған әлсiздердiң бар күшiн.
Арысын да қадiрлемей құл ғұрлы
Арба орнына пайдаланып дiлгiрдi.
Керi тартқан таяздықтың заңымен
Талай тағдыр құмға сiңiп үлгiрдi.
Қасiреттен кие қалсаң сауытты
Ұмытарсың бiрге өткiзген сауықты.
Дұшпаның да қатерлi емес,
Ондайда
Тек туыстың жалтақтығы қауiптi.
Ата көрген бiр қасиет қалмаса
Туысыңның туыстығы – далбаса.
Жанашырлық жараспайды,
Жақпайды
Жүрегi ортақ,
Пiкiрi ортақ болмаса.





Пікір жазу