20.09.2022
  139


Автор: Ғұсман Жандыбаев

БАСПАЛДАҚТАР ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

О, сен бе?.. Сен ғажапсың. Тамашасың.
«Елiм» деп еңiреген ер жасасын.
Сол елдiң иығына шығып алып,
Тəңiрдiң билiгiне таласасың.
О, сен бе?.. Сен ғажапсың. Тамашасың.
Самұрық құс секiлдi қас саңлағым,
Тəуiр-ақ əуеледiң, аспандадың.
Табаның тиiп тұрған алып иық,
Бұл өзi нешiншi баспалдағың?
Бiлмеймiн. Бiлетiнiм басқа менiң.
Ол кезде он, не он бiр жаста-ақ едiм.
Биiкке баспалдақпен өрмелеудi
Сен менiң иығымнан бастап едiң.
Жыл сайын бiздiң үйдiң шатырына
Кептерлер ұя салып жапырыла,
Сол жерде жұмыртқалап, балапанын
Өргiзiп жатушы едi көктем шыға.
Сен болсаң, кептерге өш болатынсың,
Аямай жұмыртқасын жаратынсың.
Менiң де иығымды басқыш етiп,
Ұяға қолың созып алатынсың.
Қарашы, сол əдетiң қалмапты əлi:
Келесiң баспалдақпен заулап тағы.
Ал олар əрi ұзын, əрi сəндi,
Бейне бiр биiк жартас, тау жақпары.
Тым сұсты, өр де өктем тау ұсқыны,
Дейтiндей – тiк шапшыған барыс мұны.
Қарасаң төбесiне – бас айналып,
Көздi арбап, мұнартады даңқ шыңы.
Сол шыңның айдарындай, əрi үскiнi –
Желпiлдеп нарттай қызыл «жарыс туы»,
Қоздырып көңiл құртын, шақырып тұр
Жез табан, жел аяқ пен шабыстыны.
Шың мен ту – дəмесi зор талайға арман,
Аспандап, асқақтап та қарайды алдан.
Аяғы бұған жеткен – бақытты боп,
Құдайдың еркесiне жəне айналған.
Жалғасқан сатылары жақпар-жақпар,
Созылған ұз-ы-ын, биiк баспалдақтар...
Үстiнен көп сатының, өрге қарай
Түлкiше бұлталаңдап қашқан бақ бар.
Келесiң сол түлкiнi сен де қуып,
Бұл жолға бекем түстiң, бел де буып.
Аяғың жер баспайды, құстай ұшып,
Құдды бiр алғандайын желге мiнiп.
Алдыңда – мансап пен даңқ биiктiгi..
Таппайсың одан өткен сүйiктiнi.
Ал оған жету үшiн iздейсiң сен
Табанға тiрек болар иықтыны.
Иықтар. Баспалдақтар. Көлбегей шың...
Тiстенiп, тырмысасың, өрмелейсiң.
Тасыңды өрге қарай домалатқан,
домкрат-иықтарға ендi өгейсiң.
Өгейсiң... Асқақтайсың биiк тауда,
Ұқсайды жердегiлер құмырсқаға.
Жеркене жоғарыдан көз тастайсың,
Төменде қалған саты-иықтарға.
Соңғы асу... Қол созымда тиiп тұр шың!
Оған бiр шығып алсаң – биiк күнсiң.
Аялы алақандар секiлденiп,
Жолыңда жоталанып иық тұрсын.
Мiне, сен таудан асқан желге еркелеп,
Келесiң жанталаса өрге ентелеп.
Жайылып төсек, жатып жастық болған –
Иығы кең де жалпақ ел кеу-кеулеп.
Аузыңда халық деген ұраның бар,
Қолыңда құдай деген құраның бар,
Iшiң бос, түпсiз түнек, сол шыңыраудан
Шыңға көз тiгiп жатқан жыланың бар.
Ал, шыңға қыран бүркiт ұя салған,
Төнiп тұр хақ жолының қиясы алдан.
Жетсем деп осы ұяға, алқымы iсiп,
жыланды буып алған қияс арман.
Тау жолы сол жыландай ирелеңдеп,
Барады мың бұралып, билеп, өрлеп.
Тiзқатар иықтарды басып-жаншып,
келесiң сен де: «Жаса, сүйген ел!» деп.
Бiреуi сол иықтың – менiкi ғой,
Шiренiп тұрдың да сен оны тiрей,
Келесi баспалдаққа шыға бере,
Ерiгiп теуiп қалдың керi шiрей.
Тептiң сен. Ал, не болды? Көр анығын:
Домалап сайға түстiм. Жаралымын.
Сен жеттiң арманыңа, ал төменде –
Қол соққан қауметшiл жұрт қара құрым.
Сен тұрсың шың басында көңiлiң озып,
Жердегi көп қараға қолың созып.
Құдай-ау, қалың елдiң қамы үшiн бұл
Қиянға шығыпсың ғой, өкпеңдi езiп.
Iшiнде сол қалыңның мен де бармын,
Əкемiз бəрiмiздiң – сен боп алдың.
Мен сенен жаралымын, ал сен менiң
Бақытым туралы айтып, толғана алдың.
Менi не қара басқан, соны бiлмей?..
Тоңғандар күтумен жүр сенi күндей.
Бет алдың қай белгiсiз қиырларға –
Халықтың жасанды бiр серiгiндей?..





Пікір жазу