ЕЙ-Й, СҰР ТОРҒАЙ!..
Е-е-й-и, сұр торға-а-й-и! Астамсимыз бекер бiз,
Кемдi күнгi қонақпыз ғой екеумiз.
Жарық дүние меншiгiм деп ойлама,
Бiле бiлсең, жатпыз оған, бөтенбiз.
Ей, сұр торғай! Астамсимыз бекер бiз.
Ет пен сүйектен шын жаралған екенбiз,
Қайдан келсек, сонда мəңгi кетермiз.
Бұл дүниенiң ұшпағына кiм шыққан,
Бəрiн тастап, бiз де бiр күн өтермiз.
Зу-зу етiп, өтiп жатқан жаныңнан,
Күндер қайда – мəшинедей ағылған.
Екеумiздiң несiбемiз өлшеулi,
Бiр құдайдың құзырына бағынған.
Күн суық деп қорғалайсың сен неден?
Екi келмес бақыт емес пе ол деген,
Бiр кеткен соң қараңғы анау тылсымға,
Қауышу жоқ қайта боран, желменен.
Жаңбыр да жоқ, қар жаумайды ол жақта,
Серуен құрып бармайсың да бау-баққа.
Ешкiм сенi ренжiтпейдi жəне де,
Жүрегiңе түспейдi онда салмақ та.
Əлде, сенiң асыққаның осы ма?
Келмей отыр көңiлiңнiң хошы да.
Тiп-титiмдей торғайым-ау, тiрлiктiң
Ыстығы мен суығынан шошыма.
Сол еркiндiк екеумiзге бiр келер,
Онда, бiрақ, еркелiгiңдi кiм елер.
Жақындарың кайда сенiң жанашыр?
Жаулар да жоқ... Бiрдеңе айтшы, тiлге кел.
Ей, сұр торғай, аңғыртым-ау, асықпа,
Үлгересiң... Құтылмайсың қашып та.
Сен, қарағым, ғашықсың ғой, ғашықсың,
Ал, ол жақта... орын жоқ қой ғашыққа.
Күн суық деп уайымға сен батпа,
Əлем суық, жүрек ыстық бiрақ та.
Рақат пен лəззат бар деп ойлама,
Тiршiлiктiң шыж-быжынан аулақта.
Торғайсың ғой, жұдырықтай торғайсың,
Тiршiлiкке тiрек-тұтқа болмайсың.
Бұл əлемге сенсiз қалу түк те емес,
Тобықтай-ақ тас тисе де оңбайсың.
«Күн суық» деп шырылдайсың, зарлайсың,
Бiреу үшiн жапа шеккен жандайсың.
Мұндай бақыт тұра бермес басыңда,
Тоңа алатын кездерiңде тоңғайсың.
Тоң, тоңа түс... Тағдырың ғой бұл сенiң.
Осы азаптың бiр-ақ тамшы у-сорын
Мəңгiлiктiң барша шəрбат-нұрына
Айырбастап ала алмайсың. Мұң – соның.
Бұл жалаңаш Əлемнiң бар аязы
Тығылады құшағыңа аялы.
Демiңдегi, денеңдегi жылумен
Өсiп-өнiп, ендi ол өркен жаяды.
Өмiр ғой ол, өмiр ғой ол, құдай-ау!
Өмiр барда – Əлем жылы, Күн ояу.
Бар суықты сiңiрiп ап бойыңа,
Жылу шашқан жұдырықтай торғай-ау.
Ала қанат сауысқандар сақ, тегi,
Бар сенгенi – сəндi қара-ақ тоны.
Сары аяздан қорқады олар өлердей,
Шiркiндердiң жаны қандай тəттi едi.
Тоңғақтардың көңiлi де бейне тоң,
Олардағы ниет басқа, ой бөтен.
Тон кигендер торғайға жем шашпайды,
Жанымызды тон сақтап тұр дей ме екен.
Тон дегенi өз мүлкi емес, берiсi –
Жазығы жоқ момын қойдың терiсi.
Əрiде өткен сауысқанның ұрпағы –
Ендiгiнiң мырзасы мен серiсi.
Жылы тонға оранғанмен, олар да
Жата алмайды пiскен нандай тонарда.
Сенiң титтей панаңды кеп қорғалар,
Түу ғарыштан ұйтқи соққан боранда.
Торғай, торғай, «тоңдым ғой» деп мұңайма,
Жылуыңды азық еттiң ұлы ойға.
Ал, өзiңе талшық болар дəн қане?..
Сенi жеудi арман ғып жүр құмай да.
Көптен көзiн тiгiп жүр ғой ол саған,
Сол жауыздың тырнағынан болшы аман.
Менiң ұлым өзiң үшiн жылы ұя
Жасап қойды. Сəл күте тұр, жем салам.
Жағдайыңды қорашсынба, қорсынба.
Бар болудың өзi бақыт – барсың ба?!
Сол жетедi... Екеумiзге бұйырған
Бiр несiбе бары анық қой, таусылма.
Бұрау сынса, сынбағанын таппай ма?
Оған бола, уақыт көшi тоқтай ма.
Құздан құлап өлгендерге ұқсама,
Бұл дүниеден түңiлуден жоқ пайда.
Көш жолындай – тiрлiк жолы тайғанақ,
Табаныңда – аш шатқал тұр «қайдалап».
Сен – түйiр дəн, уақыт – диiрмен тасындай,
Бiр-ақ сəтте шығарады майдалап.
...Ардың-гүрдiң, ар-имансыз, мас мына
Мəшинелердiң доңғалақтарының астына
Түсiп қалмай, тұра тұршы торғайым,
Жүре тұршы сабыр сақтап, дəс қыла.