20.09.2022
132
![](/uploads/shorttexts/author_image/g-sman.jpg)
Жуан едiң бөшкедей...
Жуан едiң бөшкедей‚
Бөденедей тоқ едiң.
Жiңiшкерiп кеспедей,
Жүдегенiң – не жөнiң?
Томардай боп өртенген –
Күйiп кеткен неге өңiң?
Шықты ма екен желкеңнен –
Елден ұрлап жегенiң.
Екпiнiң жоқ жел бiткен:
Санап басып əр iздi,
Аяғына жем түскен,
Ашқарақ ат тəрiздi.
Өнерiң ед бұл қандай –
Бордай үгiлiп кеткенiң.
Ақыр заман туғандай
Тұлданғаның не еткенiң?
Тəйт, түнерме тым-тырыс!
Қайдағыны бастадың.
Елiң аман, жұрт тыныш,
Төбеңде тұр аспаның.
Неткен қорқақ, қор кiсi ең,
Өлген жоқсың, тiрiсiң.
Бар болғаны, ендi сен –
Бiздей көптiң бiрiсiң.
Осы болса бар қайғың,
Рақмет айт Кеспеге.
Қимағандай қарайсың
Жарық қарын бөшкеңе...