20.09.2022
  133


Автор: Ғұсман Жандыбаев

СЕНIҢ СОРЫҢ...

«Iзгi» оймен «зиялы» қасқыр шықты қорадан...
Қара төбет құйрығын бұлғап қалды. О, надан!
Ертеңiнде дəрiгер диагнозын қойды нық:
«Өткен түнi алпыс қой опат болды обадан».
Ер көрдiң бе талтүсте ел ырысын тонаған?
«Батыр» дейтiн сөлкебай тақпақшы едiм мен оған.
Атаң қазақ «бiр жоқты бiр жоқ табар» дегендей,
Əр балаңның мойнына мiнiп отыр он «ағаң».
Мiне берсiн мiнгiзсе... Неге күйдiң сен оған?
Құйыршық боп, өгiздi қорисың ба сонадан...
Қыңсылаған иттi аяп, шынжырынан босаттың,
Ол қабаған. Үстiңе қарғып шықты со заман.
Өзiңде ғой бар пəле. Итке өкпе не талаған?
Əспеттедiң «Арлан» деп. Оның iшi тағы арам.
Өңшең қудың өзегi талмасын деп жүргендей,
Өзi ашқұрсақ Бейнет бар құдайына қараған.
Жарты дəннен – жап-жалпақ қалай өндi таба нан?
Қайтсе шие шығады тауып алған тағадан...
Əзiр қасық əне тұр, қайда бiрақ дайын ас,
бөшке қарын бөспем-ау, Зор Жиыннан тараған.
Ғажап балды – темiр қол тартып алды Арадан.
Қораң тесiк. Бөрi əккi. Құтылып көр, ал, одан.
Құмырсқа бел Бейнеттiң қылдырықтай мойнына
Айдаһардың құйрығы оралып тұр! Қара лаң.
Кеппедi аузы қасқырдың, кетпей қойды қан одан.
Жасты жалмап семiрдi шайтан тiлек кəрi аран.
Бiр сайқалдың жеңсiгiн басқан қара құл тектес,
Көнбiс ауыл ат-тонын ала қашты қаладан.
Кiм пұшайман болмайды: улы тiлiн қадаған –
Таза қанын сорса бiр, қалың маса қамаған.
Бақыр басқа қалқан боп жарғақ құлақ жарытпас,
Хан шықпасы секiлдi – қамқа тонды қарадан.
Азулыға жем болып, айбарлыны қалаған,
Бар айранын ұры iшiп, шелек түбiн жалаған,
Берекесiз, бейнетшiл, бейбақтар-ау, берi қара,
Сенiң сорың, мен бiлсем, саңылауы жоқ санадан.
Бiр жеңнен қол жəне де бас шықпай бiр жағадан,
Əке безiп баладан, iнi кеттi ағадан.
Жылатқан көп жаныңды, жұбатқан жоқ жан адам,
Бетiң батпақ – жарадан, iшiң күйiк – жаладан..





Пікір жазу