20.09.2022
  169


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ТУҒАН ЖЕР ТОЛҒАУЫ

Туған жер, атамекен, қара орманым,
Өзiңде қалды менiң бала арманым.
Жүз бұлақ төскейiңнен өрушi едi..
Бiреуi мен болармын сол арнаның.
Туған жер, арқа тiрек тауларым-ай,
Саф таза салқын ауа, саумалым-ай.
Қайырылмас, қайта келмес қайран күндер,
Сары аяз сағыныштан жаурадым-ай.
Тар айырық, шөл текшелi – асу белiм,
Тасты өзен, шұңқыр жұртты, жасыл көлiм.
Иiскелеп топырағыңды, тасың сүйем,
Иiлiп алма ағаштай басым менiң.
Сары төбе, төре жайлау – бай бғысым,
Қалқан тау – найза қара, байрағы – шың,
Санамда өшпес iзiн қалдырыпты,
Сахара төрiндегi тай жарысым.
Қарақат, таңқурайлы, доланалым,
Ұшқатты, тобылғылы көк алабым.
Секiлдi қыз бұрымы – шымды бұлақ,
Қау шалғын, көк майсалы кең аралым.
Сайларым, беткейлерiм, төбе-жалым,
Кереге жартастарым, көне жарым.
Лебiнен самал ескен сарқырамам –
Арудың салады еске орамалын.
Құс шулап, жемiс толған тоғайларым,
Суы бал, шөбi шүйгiн, тоқ аймағым.
Қымыздық, саумалдық пен сары жусан,
Ермендi, қалақайлы, шоғайналым.
Аюлы шатқалдарым, аңғарларым,
Шiлдеде мұзы ерiмес заңғарларым.
Сiбiрлеп атқан таңнан, шыққан күннен
Өзiңдi көрсем-ау деп армандадым!
Көгалға қонған қаздай боз үйлерiм,
Боз үйден шыққан iзiм – өз ирегiм.
Жылқы айдап, бие байлап, қой қайырған,
Бақытқа толы сол бiр кезiм менiң!
Онда мен көк балауса егiн едiм..
Ойласам ол күндердi – егiлемiн.
Сағыныш – дертiм болды, жүрегiм-ау,
Айтшы ендi, табылар ма менiң емiм?!
Адамда таусылған ба жалғанда арман..
Өттiм-ау талай қысаң, тар жолдардан.
Тұған ел – тағдырымсың, сен аман бол,
Алдыңнан жарылқасын мейiрбанды Аллам!





Пікір жазу