20.09.2022
  112


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Сағы сынар ұстаның –

Сағы сынар ұстаның –
Сабы сынса сапының.
Жомарт қолы – қысқаның
Тоқым тесер тақымын.
Сенген жаның арзулы –
Сырың шашса сырт елге,
Қан жалаған аузыңды
Жетпес жеңiң – сүртерге.
Оқтан қорқып, жазған-ау,
Отқа түстiң – не еткенiң?
Жанып жатып маздамау –
Күлге айналып кеткенiң.
Алақаны қылыштың
Сипап жазды арқаңды.
Саптыаяқпен у iштiң –
Сақалыңнан қан тамды.
Басы ұшты балтаның,
Тiсiң қарш-қарш... айқасқан.
Тыртығына арқаның
шоқ басқаның – қай сасқан?
Уа, бұл, неткен сайқал ең,
Қисық қылыш – махаббат.
Төгiп те iшiп, шайқап ем..
Шөлдедiм-ау қаталап!





Пікір жазу