Ол күндер ендi қайтып оралмайды!
Ол күндер ендi қайтып оралмайды!
Адамға не бар екен одан қайғы?!
Қайыру бермей қашқан қайран көңiл –
Көмейi ағытылған тоғандай-ды.
Ол күндер аққан селдей өттi-кеттi,
Өзiмен бiрге жайпап көп тiлектi.
Иесiз шатқалдай боп кеудең қалды,
Қараңғы оның iшi – тек түнек-тi.
Татқан дəм, баққан қызық – көрген түстей,
Өттi өмiр – бiрден санап берген тiстей.
Жер сұлу, аспан жап-жас, ғұмыр – шие,
Аттанып сен кетесiң ендi ол пiспей.
Ол күндер ендi қайтып келмесi анық!
Ентiккен кеудеңдi ая, дем басалық.
Əттең-ай, жаси күшiң, ашиды iшiң –
Арқаны жүрген кезге кеңге салып.
Кеш ендi. Қолда бұғау. Жол байлаулы.
Уақыттың найзасы өткiр. Ол қайраулы.
Алдың тар, артың қыспақ. Шарқ ұрғанмен,
Таппайсың суы тұнық кең қойнауды.
Белгiлi ол күндердiң оралмасы,
Өзгерiп, кiлт бұрылды жол арнасы.
Əнеки, сыпырылып жерде жатыр –
Сұлудың қара ормандай қолаң шашы.
Ол күндер оралмайды. Күдерiңдi үз.
Денең тас. Демiң ызғар, жүрегiң мұз.
Ысқырған өзiң де бiр аждаһасың,
Тəнiң – қыс, жаның – көктем, реңiң – күз.
Ол күндер оралмайды аңсағанмен.
Бүгiн жоқ – кешегi елiк самсап өрген.
Уақыт бiр – қашқан түлкi, қанжығаңа
бөктертпес, болсаң дағы қанша мерген.
Ол күндер ендi келмес аһ ұрғанмен,
Далбаса – ала өкпе боп қапылғанмен.
Хал кетсе, құлағында тышқан ойнар,
Арыстан дəуiрiнде ақырғанмен.
Не пайда сермегенмен қолыңды құр.
Құмырсқа, жүретұғын жолыңды бiл.
Кешегi тасқын судай дəуренiң жоқ,
Қимылың ыбыр-жыбыр – болдың ығыр.
Ол күндер бұл күндермен қосылмайды,
Ойнақ сап ерке құлын жосылмайды.
Бұзаудай қазықтағы монтиясың,
Ендiгi тiрлiгiңе осы ыңғайлы...
Ол күндер оралмайды, күтпе, күтпе..