ЖАСТЫҚТЫҢ БУЫ БАР КЕЗДЕ
Буалдыр тұман – ойың да,
Мастықтың уы – əр көзде.
Бұлқынған жiгер бойыңда –
Жастықтың буы бар кезде.
Таусыла еске аласың
Албырт сол шақтың қызығын.
Iшiп-жеп көзбен барасың
Батқан бiр күннiң қызылын.
Шерменде көңiл ынтызар –
Шексiздiк дейтiн тылсымға.
Шектеулi ғұмыр – ескi жар,
Құламай қалмас бұл сұм да.
Баянсыз жалған фəнидiң
Бар мұңы сенiң кеудеңде.
Iңгəлап туған сəби күн
Жарар ма көңiл демдерге.
Жалаң бас сөздiң күнəсiн
Күпiрлiк санап сəлделi ой,
Шарт етiп бiр күн сынасың,
Жалт етiп өшкен сəуледей.
Құлшылық етiп тəңiрге,
Тереңге көмiп көп сырды,
Жерлейсiң жүрек – қабiрге,
Кеше бар, бүгiн жоқ күндi.
Айтатын нендей уəжiң бар,
Тағдырын пенде таңдай ма.
Өшпейтiн қатал жазу бар,
Жазмыш басқан маңдайға.
Мəңгiлiк дертi – ыстық бу,
Сарғайған сен бiр жапырақ.
Тойымсыз нəпсi – iштегi у,
Ұшарға тұрсың қалтырап.
Солқылдап шекең сондайда,
Сағыныш уы бойды алып,
Шал менен қыздай шалғайда
Екi ұдай сезiм байланып,
Отырасың, сен ұмытып –
Барын да ғұмыр сызығы,
Жүректiң қанын жылытып,
Қимайтын күндер қызуы.