20.09.2022
  123


Автор: Ғұсман Жандыбаев

КӨШЕДЕГI АРУ

Көшемен кетiп барасың,
Сұлулық пенен жарасым.
Армандай асқақ ақ сəуле
Қай жаққа қарай ағасың.
Аңғарып қалсаң, ғапу ет,
Сұқтанған көздiң қарасын.
Сиқырлы демiң тұтатты
Сөнген бiр шоқтың шаласын.
Аңдаусыз тырнап алдың да
Жанымның бiтеу жарасын,
Есiме салдың тағы да
Көңiлдiң ескi наласын.
Аумаған ерке қарлығаш,
Қайшылап қанат қағасың.
Қара бiр түннiң қойнынан
Ақ шырақ болып жанасың.
Көктегi Күндей жарқырап,
Табындыр адам баласын,
Жолаушы көрсең, бер қуат,
Ағартып кетшi санасын.
Соңыңнан қуып жете алмай,
Жанасып тағы кете алмай,
Таппады көңiл сабасын.
Қарғам-ау, қайрыл бiр сəтке
Бермесең қуат сен дəтке,
Əуреге менi саласың.
Бiр ауыз тiлге келместен,
Жұмбақ боп қалай қаласың.
Сəбидей менi тербетсең,
Сырыма сонда қанасың.
Жүректiң үнiн жеткiзер
Таңдап ем дыбыс дарасын.
Жүзiк көзiнен өткiзер
Жiбектей сөздiң сарасын.
Қор болдым, əттең, бiле алмай
Болмас бiр iстiң шарасын.
Сүйретiп жəне жүре алмай
Балауса шақтың шанасын.
Қуаты күштi жас түйiн,
Құлпыра бүршiк жарасың.
Қуарған менiң ернiме
Құдiрет нұрын жағасың.
Қиналған кəрiп пенденiң
Азапты жүзiн алыстан
Тəкаппарлана шоласың.
Қиралаң қаққан арбадай
Қиюы қашқан ауыздың
Қимылын аңдап, бағасың.
Қиял мен шындық – екi ұдай,
Қисынын қалай табасың.
Қиыспас қиыр шеттердiң
Қисығын немен жабасың.
Болғанда мен бiр кəрi ағаш,
Тал шыбық-сынды баласың.
Туған Ай сəндеп қасыңды,
Самал жел шашың тарасын.
Жарға ұрған толқын секiлдi,
Кеуденi жүрек жанасын.
Сезiмнiң үркек үйiрiн
Жартас боп көзiң қамасын.
Ойымыз шалғай. Осалмын.
Жаным-ау, қалай қосармын–
Дарияның екi жағасын,
Қыс пенен жаздың арасын.
...Бұл неткен əсем күйтабақ!
Состиып тұрмын... сипалап–
Тұлпардың сынық тағасын.
Сол сынық таға секiлдi–
Көңiлдiң шетi кетiлдi,
Кiм берер маған жаңасын.
Тəңiрiң қосса көнесiң,
Көтерiп жəне өлесiң
Тəлкекшiл тағдыр жаласын.
Қайтейiн, менi бұқтырып,
Өткенiн дəурен ұқтырып,
Алдымнан өтiп барасың,
Сұлулық пенен жарасым.
Сездiң бе, аттай тебiскен,
Сыртыңнан сенi бөлiскен
Мүсəпiр ойлар таласын.
Өзiңдi көрiп, қырландым:
Қағаз боп ұшқан жылдардың
Алтынға балап бағасын.
Қол созым ғана жер едi...
Шексiздiк бiздi бөледi–
Сен онда мəңгi қаласың.
Дүниенiң уын сiмiрiп,
Мен ала кетем сiңiрiп,
Шəрбатына сен қанасың.
Татқан соң күздiң дəмiн бiр,
Жұтпаспын жаздың ауасын.
Шарқ ұрар, шалқыр... Бəрiбiр
Таппас бұл көңiл дауасын.
Бауыры нөсер ала бұлт,
Тұрақ жоқ сенде, күнi ертең
Басқа бiр жаққа жауасың.
Опасыз дүние, осылай,
Ақ арман – буға айналып,
Бiздiң де бастан ауасың.





Пікір жазу