Құлын
Жаутаңдаған жас құлын –
Жаным емей немене.
Жалмаңдаған қасқырың –
Жалын емей немене.
Аш құлыным қасқырға
Жем болмаса игi едi.
Жалын ұрды, астында –
Жаным, бiрақ күймедi.
Ойнақтаған құлынның
Қайда кеткен енесi.
Қызуы асып тұр ұлдың,
Күйiп-жанып денесi.
Қосыла алмай үйiрге,
Саяқ құлын шеттейдi.
Кекшiл ұлдың үйiнде
Жылы алақан жетпейдi.
Екеуi де тұл жетiм,
Тағдырына өкпелi.
Ащы таяқ тұщы етiн
Бiр тiлгiлер деп пе едi.
Əдiлеттiң қолында –
Əлдiлердiң шоқпары.
Ақ тiлектiң жолында –
Залым ойдың шатқалы.
Нағыз жаумен тегiнде,
Шайқасарсыз ендi Сiз.
Ертегi емес өмiрде
Кiм жеңерi белгiсiз.
Құлын өсiп, батырға
Тұлпар болса игi едi.
Тасбауыр ұл – аққуға
Іңкəр болса игi едi.
Жалғыз шапқан кiсiнеп,
Құлын көрсем аяймын.
Сипағым кеп жалынан,
Жүрексiне таяймын.
Кiсiкиiк жануар
Ытқып кеттi. Қап, бəле-ай.
Жалт-жұлт етiп алтын жал,
Сол кеткеннен тоқтамай.
Ұзай-ұзай, құлынның
Үзiледi-ау қарасы:
Кеше менен бүгiннiң
Қосылғандай арасы.