20.09.2022
  115


Автор: Ғұсман Жандыбаев

БƏРI БЕКЕР

Бүгiн дұрыс... Күнi ертең бəрi бекер!
Көп қымбатың арзандап, сəнi кетер.
Не үшiн келiп-кеткенiн өзi бiлмей,
Бұл фəниден жас кетер, кəрi де өтер.
Бүгiн дұрыс... Гүлдеп тұр көздегi үмiт.
Ертең өмiр көрсетер өзге қылық.
Бүгiн əулие санаған пақырыңды
Ертең дарға асарсың, тез де құрып.
Бүгiн дұрыс... Ертеңгi күнiң басқа,
Досың жауға айналар, ұрың – досқа.
Пəтуасыз тiрлiктiң айтағымен
Қу сүйекке таласқан құның – босқа.
Бүгiн дұрыс... Ал ертең не болады?
Ешкiм жауап берген жоқ оған əлi.
Мəңгiлiктiң өзi де бiр өткiншi,
Шексiздiктежым-жылас жоғалады.
Жоғалады, қайтадан құралады,
Ұлы өзендер тасиды, суалады.
Мəңгiлiктiң жаңылмас таразысы
Асырмайды өлшеулi сыбағаны.
Сыбағадан ұтқансып, ақылдымсып,
Мəз болуың əлi ерте... Жақын қырсық.
Мəлiм болар қандай жiп иiргенiң –
Түскен күнi қолыңнан ақырғы ұршық..





Пікір жазу