20.09.2022
  137


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ƏЛСIЗ ШЫРАҚ

Əрең-əрең жанады əлсiз шырақ..
Өшiредi оны үрлеп қансыз сұрақ.
Шалғыны өссе Шындықтың – шалғы даяр,
Жатары хақ күнi ертең жансыз сұлап.
Əрең-əрең жанады əлсiз шырақ,
Шаптырады аузына арсыз сынақ.
Сол шырақтай санаулы ғұмыры бар –
Шуылдайды көп тобыр қамсыз шұбап.
Кiм иiрсе – сол ие, аңсыз шын-ақ,
Сiз бiр ауа жайылған малсыз, шырақ.
Артыңда – сел, алдың – шөл, иен тақыр,
Талсыз бұлақ қайда бар, жарсыз – суат?
Шуылдай бер қадiрсiз шұбырынды,
Шырқыратар күн таяу шыбыныңды.
Табылмайды тiрi жан, санап алар –
Шалшық көлде шашылған шығыныңды.
Саудаң бiттi! Пейiштен күдерiңдi үз!
Отқа секiр, күлге ауна, езiп iш тұз.
Ақтангердiң дал ұрған үйiрiнше,
Сасқан үйрек, қанеки, артыңмен жүз.
Қандай едiң сен кеше, қашты ажарың,
Аш қасқырдай аранын ашты ажалың.
Қара түннiң қап-қалың маңдайынан
Шатынаған көздерi – қасқа жалын.
“Жұтамын!” деп, сол жалын, обынбасын,
Жұмырына жұқ емес сенiң басың.
Шексiздiкте шейiт болған шерлi жұлдыз,
Жаһаннамға барған соң – жаның қасым.
Ал əзiрге тiрiсiң! Жанды затсың.
Басқа – басқа, сен – басқа, жалғыз-ақсың!
Жұмылған көз ашылмас ендi қайтып,
Бiр кеткен соң, өзiңе мəңгi жатсың!
Қара түнде қалтырап жанған шырақ,
Үзiлмегiн, ғұмырың жалғансын-ақ.
Əлсiздердiң күнi бiр туар болса,
Əдiлет соты алады жаннан сұрақ.
Таңда толған көңiлiң – кешке жарым,
Кетпей қойды бiр шаншу – ескi азабың.
Қалт-құлт еткен қолыңда – əлсiз шырақ,
Сол шырақтай жалп етiп өшпе, жаным.





Пікір жазу