20.09.2022
  102


Автор: Ғұсман Жандыбаев

“ЗАҢШЫЛ” ЗАЛЫМҒА

“Заңсыз...” дейсiң, заң дейсiң... Ə, зəнталақ!
Заңмен заң боп қалып ең сен қашаннан?
Сен айтатын сөз бе едi обал, сауап,
Келмедi ме əлде əлi “жөнге” шаруаң.
“Заңсыз...” дейсiң... Сен заңнан қорқамысың?
Жiбергенiң қайда оны қағаз етiп.
Мүлəйiмсiп, құрып тұр жорта мысың,
Етегiңе жүргендей намаз оқып.
“Заңсыз...” дейсiң... Сен заңмен санастың ба?
Заңсыздықтың ашқансың “заңдылығын”.
Сенi күтiп ұры тұр жар астында,
Сол екеуiң көресiң бар қызығын.
Əй, залым-ай, заң үшiн қиналғансып,
Саудың көзiн шоқып жеп, оясың-ау.
Бордан ботқа езгендей, қидан – балшық,
Тұнық суды лайлап қоясың-ау.
О, қу сорлы-ай, күнi үшiн күйбеңдеген!
Есекке жем етпексiң ердiң арын.
Аманжолов Қасымға үй бермеген
Кiм екенi бiздерге ендi мəлiм.
Заңның майын ерiтiп iшкендейсiң,
Көзiң бiрақ тұр əлi қарауытып.
Сыр алдырып, ешкiмге түс бермейсiң,
Жай тапса да көңiлiң, қалауы ұтып.
Заң жолы тар, есепте əрбiр орын,
Нысапсыз жан тұрсын ба мол апшымай.
Қағып тастап шоқпармен арлы қолын,
Кəнiгесiң əккi бiр қарақшыдай.
Заң дегенiң – əлжуаз балақай ғой.
Сен бiр жуан жұдырық, атың мəлiм.
Қиқаңдаса, тұмсығын қанат, ойдой,
Аузын терiс қарат та, опыр жағын.
Кей залымдар заңменен жарақтанса,
Қараулықтың қариды бойды ызғары.
Заңның күнi сендейге қарап қалса,
“Бастан – құлақ садақа...”,– деймiз дағы.
“Батыр жоқта – қатын ер” деп едi кiм..
Қасқыр риза, қойшыға қой жарымай.
...Заңды менен заңсыздың төрелiгiн
Əттең, саған айтқызып қойғанын-ай.





Пікір жазу