20.09.2022
  94


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Маңдайыңның арылмаған қу соры....

Маңдайыңның арылмаған қу соры,
О, байғұс-ау, есiркейдi кiм сенi.
Бiр Алланың жазуынан басқада –
Қаралмаған қорғансыздың мұң-шерi.
Көп жабының iшiндегi құр аттай –
Он “жаппастың” ортасында бiр серi.
Қожайынның ымдағаны – құлға заң,
Ойланбастан орындайды бұл соны.
Саудың миын пiскiлесе инемен –
Өңшең маубас молда санап дүмшенi,
Бүркiтпенен ажал түртiп ойнайды –
Əттең, соны қарға шiркiн бiлсе едi.
Арланның да азу тiсi сырқырар,
Арыстанның шот-тырнағы бүрсе оны.
Айдалада ит-құс қуса, алдымен
Қиылады аш-арықтың тiрсегi.
Заң қақпанын құрған жерден – сарт етiп
Ашылады заңсыздықтың күршегi.
Обал-сауап ойында жоқ шойын бас..
Болар ма екен арсыздықтың бiр шегi?!





Пікір жазу