БҰЛ ҚАСЫМ
Қасыммын. Қасым болсам, қай Қасыммын?
Оны айтсам, ақын емес, жай Қасыммын.
Əйтсе де тағдырымда ұқсастық бар,
Мен де бiр алған беттен таймас ұлмын.
Шыныңды жақынға айтпай, кiмге айтасың?
Ақынның рухы қолдап, судай тасын!
Мен де бiр өз жайымда сыр қозғайын,
Ол Қасым бұл Қасымды бiр байқасын.
Жартыны бүтiн етем, өзiм жарлы,
Дон Кихот секiлдiмiн, жомарт жанды.
Мен қайтiп отызымда орда бұзам,
Басымда лашық та жоқ, өттi зары.
Мен ақын болмасам да, жырды сүйдiм,
Жыр сүйген жүрегiме жылу жидым.
Жаны асыл жақсылардан қалған сөздi
Жадыма тоқып өсiп, ойға түйдiм.
Жастықтың жалын күнi бастан ауды,
Сонда да тастағам жоқ астанамды.
Ұлы ақын жаққан отпен жылытамын –
Өзiмдi, əйелiмдi, бес баламды.
Ел осы ерке ұлдарын аялай ма?
Ақынды жеңген тағдыр менi аяй ма?
Бiрақ ол тағдыр емес, тас көздер ғой,
Соны ұқсаң, iш қазандай қайнамай ма?!
“...Дүниеге келер əлi талай Қасым...”
Солардың бiрi деп, жұрт, менi ойласын.
Ақынның армандаған жалғасы боп,
Жоғалтпай ұстап келем шар айнасын.
“Қасыммын, сол баяғы бiр Қасыммын...”
Сыры бұл – бiр басы емес, мың Қасымның.
Егiздiң сыңарындай қайталанған
Тағдыр мен тарихы бар бұл ғасырдың.
Мəңгiлiк мекенiнде Қасым жатыр..
Ендi оған керек емес алтын шатыр.
Ақынның өзi тартқан азап пен дерт
Дəл бүгiн ұрпағының басында тұр!
Өкпесiн ұлы ақынның сыз қапқанда,
Мұңсыздың кiрпiгiне мұз қатқан ба?
Сол сурет қаз қалпында: ер – бiр оқтық,
Сұм түлкi соғылмайды жүз қақпанға.
Арсыз бен айлалылар əлi күйлi,
Ақ-адал намысқойдың жаны күйдi.
Бастырып əдiл заңның бал бармағын,
Бай алды жақсы тұрмыс, жарық үйдi.
Бiреулер балпаңдайды, талтаңдайды,
Жиi ат аустырып, там таңдайды.
Тойғанға май – топырақ, аш тобырға –
Ел аман, жұрт тынышта талқан қайғы.
Жел соқса – селеу басы қалтаңдайды,
Жапалақ – қарға көрсе жалпаңдайды.
Қолына кiсен тұрмас ер жiгiттi
Таршылық тас қазыққа арқандайды.
Жарлының жас құрағы жалтаңдайды,
Жаралы көздерiнен қан парлайды.
Өзегiн қарып өткен қара суық
Жанының нəзiк қылын талқандайды.
Мұңы емес бұл да менiң бiр басымның,
Жан сыры өзiмдей сан мың Қасымның.
Төре мен қараға тең пəрмен болса,
Төзер ем... Жасырғаннан – кiмдi асырдым?
Үйi бар – жұрт жаңартып, кеңге көштi,
Күйi бар – ойды тастап, дөңге көштi.
Əлдене дəметкендей əдiл қазы
Аузын қу шөппен сүртiп, шөлге көштi.
Өгейлiк көрем деп пе ем өз елiмде,
Тең болсам, қиянатқа төземiн бе?
Əкiмдер əлдiлердiң сөзiн сөйлеп,
Бiр үйге жетпей қойды кезегiм де.
Атағым шықпаса да мен елiме,
Азамат атын алып келем, мiне.
Көшеде қатын-балам қаңғып қалса,
Өлген соң маған көрдiң керегi не?
Сондайда оймен жанды жаралаймын,
Əйтпесе, елдi неге қаралаймын.
Өкпелеп шешесiне, алдындағы
Көжесiн iшпей қойған баладаймын.
Кегiм жоқ тағдырға да қаһар төккен,
Қайтатын ойым да жоқ алған беттен.
Əр үйдiң отбасына бақыт тiлеп,
Қалаймын əр кiрпiштi “Отан!” деп мен.
Бөгдеге қастығым жоқ, ниетiм дұрыс,
Қаһарым, шамырқансам, алмас қылыш.
Зорманның Күштi атасы ақымды алып,
Атандым өз Үйiмде Жетiм Бұрыш.
...“Барам...” деп хат жазыпсың, кластасым,
Қоятын сен емессiң жуасқа сын.
Үй тар деп қорынбаймын, көңiл кеңде,
Кел, шала шабылайын тыраш басым.
Үйiрлi жылқым да жоқ, жүз қойым да,
Аш лақ маңырайды iзгi ойымда.
Ақынға көше берген қайран қазақ
Қимас па бiр кереге бiздей ұлға.
Ұрпағы ұлы ақынға жыры үшiн де
Қарыздар. Мұңы бiрге, сыры iшiнде.
Мен сенем: сол Қасымдар бiр көшедi
Кең... жайға – өлгенде емес, тiрiсiнде!