20.09.2022
  120


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Кертолғау

Жауыздықтың жалауы – шындық болса,
Сұлу сөздiң iшiне сұмдық толса,
«Əдiлет!» деп, зұлымдар ұрандаса,
«Адалмын!» деп, аңқауды ұры алдаса,
Сасық паңдар «елiм!» деп еңiресе,
Ақысына – азық қып сенi жесе,
Езуiңдi айырып, əрмен барып,
Кеңк-кеңк күлсе, айызы əбден қанып,
Содан кейiн арқаңнан қаққан болып,
Қамқорсынып, аярсып, мақтан көрiп,
Қан жалаған аузыңды шөппен сүртiп,
Ойнағандай қытықтап, беттен түртiп,
Еркелете сөйлесе, ебiн тауып,
Сестi зiлмен жасқантып ауық-ауық,
Көнсең – осы, көнбесең – жаннан шошы,
Жомартсынып – түскенде көңiл хошы,
Уəдеге қарық қып, бөсе-бөсе,
«Жертөлеге алтын шам жағам» десе,
Ойда – жасақ, құрғаны тауда – қасап,
Қасиеттi сезiмдi саудаға сап,
Саясаттың көрiпкел тəуiбiнше,
Сəуегейсiп, бас бағып, iшiңе енсе,
Бұта басын сындырмай, iс тындырмай,
Өтiрiктi жел сөзбен етсе шындай,
Шын пиғылын, түпкi ойын жасырғансып,
Орны бөлек, бiртуар асыл жансып,
Бiрегейлер «Алға!» деп жар салса кеп,
Шүрегейлер арыса арса-арса боп,
Кеңсiрiгi сасыған кердең байлар
Азаматы атанса, ендi, елдi ойлар,
Жетесiздiң төбесi көк тiресе,
Жерге салып жетiмдi тепкiлесе,
Көкектен – би, көжектен батыр сайлап,
Қыранға ақыл қарға айтса батыл сайрап,
Тоқ қасқырға той күнi қой бақтырса,
Ол антұрған өз iсiн ойлап тұрса,
Жауыр атты сауысқан күзетке алса,
Сұр жыланның сұрына iзет қонса,
Тұлпар тұрып, жабыны жұрт мақтаса,
Сұңқар құрып, қоңыз бен құрт қаптаса,
Қырттан – шешен, қыңырдан көсем шықса,
Ұлықсыған ұрдажық есеңдi ұтса,
Ел жоқшысы – шойын бет шонжар болса,
Көптiң мұңын жаны ұққан дегдарларша,
Аталы сөз айтқансып, қиналғансып,
Жүрегiне бар жақсы сыйған жансып,
Өтiрiгiн алдымен өзi бiлiп,
Iштей күлiп, сырттай жұрт көзi қылып,
Қалың жауға шабардай жалғыз кiрiп,
Емексiтiп, елiртiп, қан қыздырып,
Ере шапқан қиқушыл қара-құра
Жын қуғандай арам тер болса бұл да,
Иттен үркiп, беталды зытқан лақша,
Айдалаға мақсатсыз босқа лақса,
Айғайшының онымен iсi қанша,
Өз шаруасын түгендеп, үйде жатса,
Бөртiп бөккен сұлыға тойған атша,
Кеселденiп, кекiректеп, ықылық атса,
Арам iсi жанына майдай жақса,
Шырт түкiрiп, шырланып, жымың қақса,
Қиыспастың қиюын, қыбын тапса,
Құдығына құлып сап, суын сатса,
Құлынына биенiң құнын сұрап,
Бiрiн сынап қауымның, бiрiн сыбап,
Көзбен арбап, бiреудi сөзбен алдап,
Мата орнына өткiзсе бөздi амалдап,
Сезе тұрып осыны, iштен тынып,
Қолдан келер қайран жоқ, дiңкең құрып,
Тығырықтан шыға алмай жүдеген соң,
Ығырлықтан ыржаңдап күле берсең,
Сазды ойпаңның бақасы сияқтанып,
Iшек-қарның шұрылдап, жүрек талып,
Хал кеткенде, бай үлы келе қалса,
Қаршығаңды қолқалап, салмақ салса,
Мың жылқылы шұбар төс, шынжыр балақ,
Бұт артар бiр жорғаңды алса қалап,
Бiреуi ағаң, бiрi iнiң – бəрi ағайын,
Қысылғанда бермейдi-ау аттың майын,
Бар байлығың – төрт-бес қой, қотыр тайың,
Тесiк байпақ, қаудыр тон, қалқатайым,
Еткен еңбек, төккен тер – iзi-қайым,
Қауқиғанмен, белгiлi сенiң жайың,
Саудың басын даулы етер – сары уайым,
Сабырға көш, оңынан туар айың,
Жорта жылап, жоқ жерден ерсiнген бар,
Шын мен жалған – от пен күл, сол сырды аңғар,
Шоқпарлыны «ер» деме, көре салып,
Бəрi бiрдей Қабанбай емесi анық,
«Жұрт мақтаған жiгiттi қыз жақтаған...»
Көзге түскiш кейбiреу дызбақтаған..
Қорқақтан – мəрт, жасықтан асыл бөлек,
Оның парқын бiлмеген опық жемек,
Көп үстiнен күн көрген бейнетсiз жан,
Сiздiң ойда не барын ұқсын қайдан,
Iшкенi адал, жегенi ақ, ары таза,
секiлденiп сырт көзге, мойнын соза,
Сонысы үшiн алғысты жəне де алса,
Сый-сыяпат, атақ, даңқ... – əне, қанша?!
Ауырсынбай көтерiп соның бəрiн,
Адымымен жер ойған, дүлей арын,
Қорған болып жаныңа қайдан келсiн,
Оған сенiң тек қана пайдаң болсын,
Осыны ұқ та, азамат, арыңды ойла,
Қайыры жоқ ханға да қолың жайма,
Жуан иттiң құйрығы жол салады,
Екпiнiнен күштiнiң жел соғады,
Шаң боп қонып, коға боп жапырылсаң,
Онда кiмге өкпең бар, өзiң солсаң?!
Сырты сұлу қобдидың – iшi күмəн..
Жатпасына кiм кепiл улы жылан,
Кызыл тiлде буын жоқ, сөзде – өлшем,
Iшiн барлап, iсiн бақ – өзгеге ерсең,
Жанашырың бүгiн көп... Соны бiлсең –
Қайсысы оның қасыңда қалады ертең?
Кей тiлектес кигiзсе тойыңа тон,
Қойы бiрге бiреудiң – ойы бөтен,
Тең-теңiмен... Не күтер жарлы байдан?
Төрдегiлер есепсiз етпес қайран,
Ерте тұрып, кеш қалған – мəнсiз сайран,
Өкiнiшi, сiрə да, кетпес ойдан,
Қайтер едiң, еш болып нұрлы үмiтiң,
Құр тұлыпқа мөңiреумен өтсе күнiң,
Сенген қойың арық боп, саның соқсаң,
Қазы керткен қолыңмен қауын сатсаң,
Дүние – кезек, дүмшелер тiзгiн ұстап,
Олар – түздi, сiз мұнда – мұзды қыстап...
Қарынбайлар тереңге бойлағансып,
Шикi надан шiренсе, ойлы адамсып,
Ердiң қолын жоқ байлап, ез өрлесе,
Жақсы ұмыт боп, жаманның сөзi өлмесе..
Тоқ балаға аш бала мұңын айтса,
Тоңған – тонды мырзаға сырын айтса,
Күлiп барған қарызың жылап қайтып,
Уəдешiл – сөзiнен кетсе тайқып,
Күнəһарға – шен-шекпен, куəға – сот,
Қыран сөздiң тажалы – жылан өсек...
Күйiнiшiн өзгенiң күлiп тыңдап,
Əрең айтса əр сөзiн ұлық пұлдап,
Ырысыңды алаяқ төксе шайқап,
Орап өтсе алдыңды, өртше жайпап,
Сандалбайлар сау миға ине сұқса,
Е дегенше екi жеп, биге шықса,
Жұлқыласа жуасты, кезеп келiп,
Запы көңiл зарланса, безек болып,
Дəлдiр – соқса ұлағат, өжеттенiп,
Қаңғып кетсе данышпан, тезек терiп,
Судың кiлтiн тапсырса сұмырайға,
Ыстық тiлек айтқызса суық ойға,
Тоқал қойдың қамқоры – бұқа болса,
Тоғай тозып, орнында бұта қалса,
Сырты күмiс, iшi алтын, қайран адам,
Iшi бақыр, сырты алтын, майдалаған..
Жанындағы жақсыны күндей бiлген,
Кiмге шiкiрə боларын бiлмей жүрген,
Шiрiк картоп секiлдi небiр кеще,
Құнын пұлдап, қымбаттап шыға келсе,
Амалсыздан шiркiннiң аузын бағып,
Картобыңды қылғытсаң қаужың қағып,
Саудагерге саулы iнген – бағы жанса,
Шаш етектен пайдаға бата қалса,
Дедектеген суқиттың қарны толса,
Күзеттегi сақшыны қалғыта алса,
Бəрi ақыры жиылып, жанын салса,
Бейнетқордың бүргеше қанын сорса,
Парақор мен жалақор құдаласса,
Уəждерiне əдiл заң құлақ асса,
Ұлық жасап ұрлықты – қара басса,
Мұны көрiп жағымпаз, тұра қашса,
Бетсiз тентек тепсiнiп, төрiңе озса,
Жендет келiп, жендеттiң көрiн қазса,
Көп шуылдақ алдында арызданып,
Көке мылжың жөн айтса, маңызданып,
Қырғи – көлге, аққуды шөлге айдаса,
Өрттiң тiлiн құтыртып, жел қайраса,
Басынан қамшы кетпеген жалтақ атша,
Жарамсақтар көлгiрсiп, жанталасса,
Үй iшiнен жау iздеп, «Аттан!»даған,
Алакөздi ағайын – жаттан жаман,
Жақынынан өш алып, пасық ойлап,
Ақыны мен батырын берсе байлап,
Пиғылы өзге бөтеннiң несi кетер,
Қасиеттiңдi таптап бiр, көшi де өтер,
Өлi арыстаннан артық деп тiрi тышқан,
Тiрлiгiңе мəз болсаң құйрық қысқан,
Кожайының басыңнан сипағансып,
Қолын қатты батырып, алса шымшып,
Желе жортып, майпаңдап, түссең жолға,
Алды-артыңа қарамай, оң мен солға,
Арамзаның қырық кез құйрығы алдап,
Ой мен қырды шулатса, үйдi лаңдап,
Содан жаның түршiгiп, жараң сыздап,
Түңiлiп те шошынып, жағаңды ұстап,
У жайлаған денеңнен жүрек қашып,
Қаңыраған көңiлiң жүдеп, жасып,
Сенiмiңе – күдiгiң болса басшы,
Iшiңе бiр запыран толса ащы,
Жiгер құм боп, ақылың қалжыраса,
Айла күлiп, тұншығып Ар жыласа..
...Қатты шошып оянып ұйқысынан,
Түсiн айтып жорытып бұл шытырман,
Жауап күтсе өзiңнен байтақ елiң,
Қайтер едiң,
Ағатай, не айтар едiң?!





Пікір жазу