МАХАББАТ АЛЛЕРГИЯСЫ
Сенбеймiн!
Айтпа маған!
Жалған бəрi!
Қанша рет аңғал жүрек алданбады!
Ендi сен көгертем деп əуре болма,
Көңiлдiң қурап-семiп қалған бағы.
Қалайша сиқыр күлкiң жанды арбады?
Шыққыр көз шын сырыңды аңғармады.
Қыл шылбыр шоққа түстi – шорт үзiлдi!
Ендi оның мүмкiн емес жалғанбағы.
Сенi əкеп маған қосқан қара кеште,
Мен сонау қырсық күндi алам еске.
Ақ бəтес шыт сыйладың... Қызыл кестең –
Қарды ойған жас қыранның қаны емес пе?!
Мен онда ойладым ба алданам деп,
Сол үшiн менi Құдай қарғаған деп.
Қолыңа тағдырымды тапсырғанмын,
Түбiнде бақыт жолы сол болар деп.
Сенгенмiн сенудей-ақ сенген кезде,
Қайтадан оралмаспыз ендi ол кезге.
Таппаспын деушi ем сендей адал серiк,
Дүниенiң төрт бұрышын мен кезгенде.
Мəн бермей артыңнан да ерген сөзге,
Көнiп ем көнудей-ақ көнген кезде.
Белгiлi болды сенiң кiм екенiң,
Осынша аярлықты көрген кезде.
Мен сенен күтiп пе едiм бұл мазақты?
Көтерiп қала бердiм күллi азапты.
Жалаңаш шала жанған шоқ-жүрегiм
Қап-қара көмiр болып күлге батты.
Бiлемiн, керек емес ендi ол саған!
Үмiт те қара күйе болды аңсаған.
Ендi одан отқа көмген картоп артық,
Май шамдай қалтырайды тоңған санам.
Қаңтарда жай түскендей тас төбемнен,
Тап болдым мазағыңа, масқараң мен.
Сытырлап кiрпiктерiм сынды менiң,
Мұз керiп жанарымды жас бөленген.
Желтоқсан қаңтарменен – сол бiр-екi ай..
Сұмдық пен сұрапылын келдi тақай.
Бұл жаным – қасқыр шапқан қораға ұқсап,
Шұрқырап шыға келген көп құлын-тай.
Кiм тептi: мен бе, сен бе – бақты аяқпен?
Сұр жылан кетпейдi екен шақпай, əттең!..
Барады сары сайтан сақ-сақ күлiп,
Сапырып көз жасымды саптыаяқпен.
О, сенiң сайтаның-ай, сайқалың-ай,
О, сенiң сойқаның-ай, шайпауың-ай.
Бетiңнен зəрiң шашып, əбжыланша
Басыңды оңды-солды шайқауың-ай.
Қараптан-қарап тұрып ентiктiм ғой,
Жау шауып, жын қумай-ақ мертiктiм ғой.
Қапыда у жалаған қайран ердiң
Қайырсыз тағдырын да ендi ұқтым ғой.
Сен кеше пiр тұтып ең менi қайтiп?
Сертiңнен шыға бердiң ендi тайқып.
Кез еткен сендей доңбет жүзiқараны
Тағдырға өтермiн мен қарғыс айтып.
Мен сенi ойлап па едiм осындай деп?
Еркiңе бағынып ем тосылмай көп.
Жанымның жапырағын қалтыратты
Соққандай қара дауыл – тосын жай кеп.
Өртендi көк жайлауым – күлi қалды.
Дұспанның көре алмаған қыбы қанды.
Жоқ, ендi сене алмаймын, жолым бөлек,
Кеудемдi желдей кеулеп күдiк алды!
Бақшамда үсiк жүрiп ашық күнде,
Алдым мен сабырымды шашып мүлде.
Жо-жо-жоқ! Керек емес! Ендi маған
Əзəзiл сайқалдыққа басып күлме.
Жыланның жотасындай бүлкiлдеген
Бетiңнен ысылдаған күлкiң көрем.
Арбайсың, алдайсың кеп тағы менi,
Бөксеңдi бұлтыңдатып iркiлдеген.
Ерем деп əуенiне кесiр күйдiң,
Мен кеше көңiлiмнiң десiн қидым.
Тəлкегiн сұм тағдырдың кеш ұқтым да,
Еңiреп жүрiп, əрең есiм жидым.
Мен кеше жүрегiмнен жырақ тұрдым,
Мəнiссiз, жынды адамша жылап-күлдiм.
Жiбердiм айырбастап асылымды
Алдамшы бiр сəтiне жұмақ түннiң.
Сен кеше маған қандай ұнап тұрдың!
Құмартып, құшағыңа құлап кiрдiм.
Жанымның шырқыраған балапанын
Аузына аждаһаның лақтырдым.
Мен сенiң құлақ кестi құлың болдым,
Сен менiң сорым емей, кiмiм болдың?
Кереге, шаңырақсыз лашық пен
Иесiз жұртта қалған құлын көрдiм...
Жəбiрден жəутеңдеген көздер көрдiм,
Қабiрден жан тербеген сөздер көрдiм.
Ол – менiң сен жерлеген махаббатым,
Айт өзiң: мен бе, сен бе – өзгерген кiм!
Түсiмде құлазыған мола көрдiм,
Iшiмде – түрi азыған дала көрдiм.
Мола да, дала да ол – өз жүрегiм,
Қан жылап, қайран таппай қала бердiм.
Ақ таңда – iнге кiрген көп iз көрдiм,
Ақшамда – өртке бөккен теңiз көрдiм.
Көп iз де, теңiз де ол – iштегi арман,
Ал одан күдерiмдi мен үзгенмiн.
Бiз кеше қандай едiк, балдай едiк,
Молаға бiр кiретiн жандай едiк.
Сенiскен көңiлдердiң ақ гүлдерi
Бiр түнде кеткенi ме қардай ерiп?
Жаныма кiнəратсыз – жақтың жала,
Мен содан жазылмайтын таптым жара.
Сол жара жан сыздатып, мəнсiз бақыт
Жерiттi... қаңсып қалған жат жылғада.
Сол жылға – кеше ұлы арна едi ғой.
Алғаусыз ақ махаббат арда едi ғой.
Ата мен аға шулап сонда маған:
“Жансыз жау жар астында бар...”,– дедi ғой.
Мен бiрақ ол сөздерге дес бермедiм.
Зымиян күлкiңдi де ескермедiм.
Мойныма оратылды ақ бiлегiң,
Жүрегiм қақты менiң... Төске өрледiм.
Өзге емес, өзiм болдым шын алжыған,
Айыр тiл арбап апты шiл аңдыған.
Орнынан ақ бiлектiң – бiр мезгiлде,
Көрдiм мен иреңдеген шұбар жылан.
Не пайда бармағымды шайнағаннан,
Жыртқыштың жемi болған қайран арман!
Əлiмдi əрең жиып, сермеп қалдым
Қанжарын намысымның қайрап алған.
Есiмде бiлегiмнен шап бергенiң...
Үзiлiп бара жатты, əттең, демiм.
Ес жиып, көзiмдi ашсам, демiң шарпып,
Сыбырлап: “Өзiңдi ая, сақ бол!”,– дедiң.
Қайтадан тағы естiлдi сиқыр күлкiң,
Ашылды шайдай менiң ұйқым бұл түн.
Орнымнан шошып тұрып, тұра бездiм,
Жанымды тiтiретiп сиқың-сұрқың.
Кеше бiз берiсiп ек тəттi ерулiк,
Неге ендi жат көрiндiк, қатты егiлдiк?
Өр өзен жағасында табысып ек,
Қайтадан сол жағада қақ бөлiндiк.
Арадан суық сөздер өттi жүрiп,
Ызғары жүрек етiн кеттi тiлiп.
Ендi бiз ата жаудай қарасуға
Дайынбыз, кеудемiзге кек бiтiрiп.
Болары болғаннан соң, бұрынғы əннен –
Тамтық жоқ, құр далбаса – құбылғанмен.
Жылытпас жүрек түгiл, саусақ ұшын –
Қылшығын өлген оттың суырғанмен.
Бекерге əуре болма ынтық жанша,
Бетiмдi осқылайды күлкiң қарша.
Ұмытпас қан жалаған қайран жүрек,
Сол түннiң сейiлтсең де бұлтын қанша.
Сен менi елiктiрем деме ендi,
Кеткенмiн қоздырудан делебемдi.
Бүтiндеп, бүршiк тағып, қайта тiгем,
Қисайып, қирап қалған керегемдi.
Обал жоқ өзiме де. Ебелекпiн.
Отқа кеп өзi ұрынған көбелекпiн.
Балауса орманыма балта ұрғызып,
Жанымның жас гүлдерiн тепкiлеттiм.
Не таптым? Мен бiр бейбақ шашын жұлған.
Айрылдым қымбатым мен асылымнан.
Шығам деп көңiлiңнен, шырқыратып,
Балапан ойларымның басына ұрғам.
Сырқаумын – қанатымнан майрылғанмын,
Мылқаумын – тiл-ауыздан айрылғанмын.
Жасырып ауруымды, құр даурығып,
Қалпақпен аспандағы Айды ұрғанмын.
Мен қайтiп жасырмасты жасыра алам?
Əйтеуiр жан кеудеде, басым аман.
Кешегi патша көңiл – ендi пақыр,
Сыйың да, сыбағаң да – осы маған.
Жаза ауыр адал жолдан тайған жанға,
Сен алдап – мен ашындым, қайран қалма.
Сырың бiр ашылған соң – сиқың мəлiм,
Артыңды жабар ендi қайлаң бар ма?!
Жоқ! Ендi көне алмаймын мазағыңа!
Мен қамшы көтерiппiн өз арыма.
Көрдiң бе, қайта толған теңiзiме
Келедi қаптай ұшып қазы ағыла.
Шыдамым түгесiлдi, бiттi шараң!
Жоқ ендi менi бөгер сенiң шамаң.
Тəуекел, белдi будым, қош бол ендi,
Өзiмдi алдағаннан мен не табам?
Құдая, қайта жанды өшкен санам!
Мен ендi бағынамын жалғыз соған.
Тiлiме қызған темiр бассаң дағы,
Ынтық сөз бұрынғыша айтпас саған.
Кен едi – бұл жүрегiм, көңiлiм – көл,
Кеулете қаздың келiп, жерiгiң бе ол?
Құлазып қалды орнында қуыс кеуде,
Сөйтiп кеп, дейсiң тағы: “Серiгiм бол!”
Сенiп ем сенудей-ақ сенген кезде,
Көнiп ем көнудей-ақ көнген кезде.
Қадiрi сыйластықтың кеткеннен соң,
Не қалды айтысқан серт, берген сөзде?
Сенбеймiн! Айтпа маған ертегiңдi!
Кеш еттiм ертегiңмен ерте күндi.
Ештен – кеш... Өткен өттi... Өгейсiтпей,
Алайын өз қолыма ертеңiмдi.
Не болып, не қоймады баяғыда..
Өткендi саудалама, қой оны да.
Ант iшiп, өлердегi сөзiңдi айтып,
Оралма ендi менiң аяғыма.
Сенбеймiн! Уəде-сертiң арзандады!
Қанша рет сенгiш жүрек алданбады?!
Махаббат өлген күнi – мен де жоқпын,
Бекер ол – бар дегенiң! Жалған бəрi!