20.09.2022
  117


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ТАНЫС ƏУЕНДЕР

Арпалысы мол өмiр, қалтарысы..
Тышқанның да мысықтан бар танысы.
Кей пенденiң болғанмен жалтақ iшi,
Кiсiмсiтiп қоймай ма қалта күшi.
Түсер болсаң қолына – күнiң қараң,
Құлынындай көредi құрулаған.
“Бiр қырсығы тимесiн”,– деп, тағы бiр
Итке сүйек тастайсың ырылдаған.
Төре болса сенгенiң – сандаласың,
Кiрiптар боп алдына сан барасың.
Құдай “артық жаратқан” тақсырыңның
“Лəббай...” дейтiн пақыры сен боласың.
Күймейдi отқа, суға да батпайды олар,
Атқа қонса, алтын ер – таққа айналар.
Нөкерлерiн шұбыртып аңға шықса,
Қанжығасы майланып, бақ байланар.
Ата алмайсың сен оны, шаба алмайсың,
Дiңкең құрып, ақыры шабандайсың.
Соғып алған тап соның түлкiсiнше,
Қанжығада кей мезет салаңдайсың.
Ол ақ борық болғанда – сабандайсың,
Шүленсiнiп шiренсе – сараңдайсың.
Сабан болғың келмесе, сараң болғың,
Сабазыңның көңiлiн сан аулайсың.
Бұл сөздерден секем ап, үрiкпеңiз,
Құны кеткен, күнi өткен қылық деңiз.
Күнi өтсе де, ескiнiң жаны сiрi,
Селт етер ме – кетсе де құрып теңiз.
Бiр күндерi... дандайсып күлiптi өгiз,
Күлетiнi – ол шiркiн “туыпты егiз”..
Таңданбадық – есектiң ер-тоқымын
Ерсi көрмей, таңғанда күлiкке бiз.
Қарғаларға қыранның түссе күнi –
Сайлап қойдық түлкiден құсбегiнi.
Тер төккеннiң қабына тары түспей,
Жатыпiшер жалқаудың пiстi егiнi.
Мұның бəрi... болған жай бұрындары:
Ездер ұтып, ер жiгiт ұрынғаны.
Күнi жүрiп тұрған соң, қыбын тауып,
Күйкентайлар бұлбұлға қырындады.
Озды бақа, қалды артта түйеқұсың,
Түлкi тапты қасқырдан сүйенiшiн.
Соның бəрiн көргенде солып жаның,
У iшкендей күлдiреп, күйедi iшiң.
Өлерменнiң өзгерген бүгiнгi əнi,
Жырынды əлi, тайған жоқ мұның бағы.
Көп iшiнен кейде бiр жылтыңдайды
Құлақтары, көздерi, мұрындары...
Сiлiмтiктiң қу жаны неткен сiрi?!..
Жан бергiсi келмейдi, кеткен сұры.
Түсi қашып жүрсе де, пысы басып,
Талайларға көзiнiң өткен сұғы.
Бiр саңылау табылса iнденетiн,
Сыңайы бар əлi де күн көретiн.
Малға – жанын, жаны үшiн арын сатқан
Намыссыздар ұялмай күнде өлетiн...
Бұрын өткен... Алайда бұғып еппен,
Ойнағысы келедi бүгiн отпен.
Құты қашып, үрпиiп түгi беттен,
Жанын – қасап, қулығын құрық еткен.
Түрi-түсi, қимылы ...таныс бəрi,
Танысқаны, тiптi қол алысқаны...
Көзi күлiп тұрса да, өзi былық,
Əрi жақын секiлдi, алыста əрi.
Өмiр – сахна болғанда, түрлi рөлi
Күрсiнтедi əлi де, күлдiредi.
Қозысы аман, əзiрге Қодар да сау,
Бiр күнi оны ...ойнайды дублерi.
Патша-өмiр заңына жоқ таласым,
Тартысы мен күресi тоқтамасын.
Парасат пен болашақ өзi айырар,
Буырқанған күндердiң ақ-қарасын.





Пікір жазу