20.09.2022
  109


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ТАСТАР, ТАСТАР...

Бұл ақын бөлектеу бiр ашты сыр дер..
Мейлi, сен бағаның да ащысын бер.
Сонда да көз алдымнан бiр кетпейдi
Тас үйлер, тас көшелер, тас мүсiндер.
Ойлап көр тiрлiгiңнiң мəнiн iштей:
Жансызға тiл бiтiрдiк – кəнiгi iстей.
Салғызып тастан сарай, мұратына
ақыры жетiп тынған дəруiштей.
Тас сарай патшасынша көңiл күй де..
Таңдайсың тас кəнизəк – жеңiл биге.
Əнеки, тас көшелер тағанымен
Ағызып бара жатыр өмiр-күйме.
Тас жолда тай мертiктi, таға сынды..
Табасың тас қораптан бар асылды.
Ар-ғы-ы ...бiр атасының пошымына
Ғайыптан тартып туған бала-сынды.
Бұл күнге тас ғасырдан жетiптi адам,
Қайырылмай қалай оған, кетiп қалам?..
Тас үйден пəтер сұрап, тас көшемен
Тұсынан тас мүсiннiң өтiп барам.
Болса да бойы қысқа – жасиды адам,
Сондайда сыртқа теуiп, таси ма қан?
Патшаның сарайындай айбынымен
Алыстан ақсақтайды тас үй маған.
Сайтандай сары алтынға қалай ермей
Тұрарсың дəтiң шыдап,“анайы” елдей.
Көңiлiне өмiрдiң де желiк кiрдi,
Массаж бен маникюршiл кəрi əйелдей.
Жасамыс тарғыл дүние жасаруда.
Сұлулық сұрғылт тастан қашалуда.
“Наданша” таңданбаймыз, тұрса дағы
тас жiгiт тас гүл сыйлап тас аруға.
Көңiлiң құлазыр ма пəс бұлайша,
Жантайып, көк майсаға басты қойса.
... Тас үйдiң балконынан тас əлемге
Талтайып бiр қасқа тұр тас құдайша.
Селк еттiм. Елес екен, əттең, əлгiм?..
Соғылып тас бағанға, зəтте қалдым.
“Тас құдай” тұрған үйдiң... үстiндегi
Дүкеннен балама деп дəптер алдым.
Тас алаң. Тас дуалдар. Тас мұнара.
Тас көпiр... Сiздi, не, бұл састыра ма?
Өрмелеп барады тас баспалдақпен,
Жүз жылдық бəйтерекпен жасты қала.
Тау асса жасыл тоғай баспаналап,
Орнына қоныстанар тас домалап.
Гүлзарда тас орындық... Үлкен қала
Алғандай белiн буып, таспен орап.
Кешегi көне үйлер түбiндегi
Жоқ алып ағаштар да бүгiндерi.
Тас қазық секiлденiп кеткен сiңiп,
Орнындай отау үйдiң – түбiрлерi.
Жасырса өлi орманның бетiн қырау,
Таласпас тас қазықпен – жетiм бұрау.
Томпиған, жұдырықтай жұмыр тастар –
Жем терген көгершiндер секiлдi ме-ау?!..
Тiрлiктiң тас тiл-көзден болса ажалы,
Жетпейдi тас құлаққа сонша зары.
Таңылған тас бесiкке – нəресте өмiр
Шырқырап бостандыққа қол созады!
Тас шебер мəрмəр мүсiн қашағанда,
Қойғандай жан бiтiрiп қоса оған да.
Алағызып айналама қарай берем,
Соқтығып қалатындай тас адамға.
... Меселi қайтқан ердiң жетiм мұңын
Қайрақ қып жетiлдi кiм, кетiлдi кiм?
Маңдайы тасқа тимей тоқтамайтын
Мен де бiр бекiре балық секiлдiмiн.





Пікір жазу