Ғажайып
Ғажап, ғажап! Бұл ғажапқа не дейiк,
Ғажайыптар бара жатыр көбейiп.
Көкжиек деп жүргенiмiз – қол созым,
Төрткiл əлем кеткенi ме кеңейiп?
Аймен – серуен, Күнмен сұхбат құрамыз,
Желден – əуез, судан сарын ұғамыз.
Бiр ғажапқа таңырқап та үлгермей,
Тағы онына куəгер боп тұрамыз.
Ғарыш кезген корабльдер легiнде
Таңбамыз жүр сенiң жəне менiң де.
Өмiр сүрiп жатқандаймыз бiз, тегi,
Қиял тектес ғажайыптар елiнде.
Ғажап, ғажап! Бұл не деген ғажайып,
Ғажайыптар бара жатыр азайып.
Айды аспаннан түсiру де – сəл нəрсе,
Сəл нəрсеге таңданудың өзi айып.
Бұл ғасырда бас атаулы – ғұлама,
Ғұламаға – таңдану жат, мiн о да.
Қиял деген – қиял емес, жай ғана
танысыңдай келiп-кетер күн ара.
Қас қағым сəт. Кешегi шөл – көл бүгiн,
Былтыр дала – биыл қала, ендi ұғын:
Тамашалап тұруға да мұрсат жоқ,
Адамдардың ақыл-ойын, ерлiгiн.
Өзiмiздi-өзiмiз де таба алмай,
Асығамыз жұртта қалған адамдай.
Қабылдаймыз ғаламатын ғаламның
Радиодан берген соңғы хабардай.
Көз үйренген, құлақ көнген бəрiне,
Бiтер iс көп, күтер iс көп əлi де.
Үңгiп-үңгiп шахта қазған кеншiдей,
Адамдардың ойы сонау əрiде.
Ғажайыпқа көңiл бүгiн тойғандай,
“Заңды нəрсе...” дей саламыз, ойланбай.
Таңданбаймыз алма жауса аспаннан,
Айға барып бау орнатып қойғандай.
Əлем сырын зерттеген соң жетерлiк,
“Тұрмыс” дейтiн əлiппенi көтердiк.
Дүрлiгемiз бiр керемет болғандай,
Дүкендерге шұлық түссе шетелдiк.
Бəрi де жөн. Бəрi жақсы-ау... Осыдан
Мен кейде бiр күдiк ойлап шошынам.
Сөйтемiн де... “Ғажап!” деген үн шықса,
Жан дəрмен кеп, жаңғырық боп қосылам.
Адамдар-ау, бұл шындықты аңдайық:
Ғажайыпқа тамсана алмау – ол да айып.
Тек ақылға тəнтi болып жүргенде,
Сезiм гүлiн қурай етiп алмайық.
Ғажайыптан тұрады өмiр, мəн берсең,
Шексiздiкте болған емес мəңгi өлшем.
Жартасқа кеп тiрелгендей хал кешем,
Ешнəрсеге таңданбайтын жан көрсем.