20.09.2022
  121


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ҚОС МҰҢЛЫҚ

Ағайынды алты жiгiт. Алты үй.
Қысқа күрмеу. Жұқа тiрлiк. Жарты күй.
Байғана шал – бас көтерер ақылгөй,
Алты үйге – ол да өзiнше Балқы би.
Орта тұсы елуiншi жылдардың,
Артта қалған от боратқан мұндар күн.
Тiршiлiктiң тiлектерi көбейiп,
Əуенi де өзгерген-дi жырлардың.
Талғажау ғып сұйқыл тары көженi,
Тар шақтардан талып жеткен өзегi,
Жаны сiрi “пендешiлiк” дейтiннiң
Бас көтере бастаған да кезi едi.
Бар болғанға не жетедi, əрине,
Еркiндiкке талпынады сəби де.
Табы өшпеген тапшылықтың əлi де –
Бұзылмаған ұясы бар əр үйде.
Өзiне шақ айбыны бар əр таудың,
Байғана шал басын қосты алтаудың.
Содан кейiн сөз бастады былай деп:
– Тiрлiгiнен безiнiңдер жалқаудың.
Сырт пошымың – тұрған бiр-бiр нарсыңдар,
Топты бала асыраған жансыңдар.
Бiр тiрлiкке бет бұрыңдар бiрлесiп,
Қолдарыңа құрал, сайман, қамшыңды ал.
Жалғыз жанға тiршiлiктiң жүгi ауыр,
Оқшаулықты қоштамайды бұ дəуiр.
Бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығар,
Бiле бiлсең, алты үй деген – бiр ауыл.
Шаруа орнынан қозғалмайды – қолға алмай,
Қыл құйрықсыз тiршiлiгiң – ол қандай?
Əрбiреуiң жүз елуден пұл сайла,
Тоғыз жүзге бие сатпақ Толғанбай.
Алты жiгiт шал сөзiне “құп!” дедi,
Тоғыз жүздi шытқа орап, бүктедi.
Кiшi-гiрiм тойға сылтау болғандай,
Бұларға да қыл құйрықты бiткенi.
Салақ əйел шашына ұқсас жалы бар,
Жуас екен көк бие де, жануар.
Таусылмайды шаруасы да алты үйдiң,
Қыста – шана, жазда арба табылар.
Мойнын – қамыт, ер қажаған шоқтығын,
Көнбiс жазған көк биеде жоқ тыным.
Бəрiне де төтеп берiп, көтердi
Тiрлiктегi бiтпес iстiң көп түрiн.
Өттi жылдар... Өзгердi ел, тойынды.
Таршылықтың өштi табы, жойылды.
Ағайынды алты жiгiт ағасы
Ат-арбаға бұрмады ендi мойынды.
Жер тарпыса, қиян асар дүбiрi,
“Темiр тұлпар” сəнге айналды бұ күнi:
Толтырды ендi алты үйдiң ауласын
Бес машина, үш трактор гүрiлi.
Өттi бəрi ... Жуса кетпес жоқ күйе.
Керексiз боп арбадан да кеттi ие.
“Демалысқа” шықты сөйтiп, кезiнде
Бiр ауылды асыраған Көк бие.
Опасы жоқ жалған едi бұл неткен,
Көк биенiң жанарынан нұр кеткен.
Сояу-сояу қамыс тiлiп езуiн,
Сырласады тiлсiз қара дiңгекпен.
Көк құрақты тиеп алып көпiртiп,
Ескi арбаны соза тартып, “өкiртiп”,
жележортып жүрушi едi-ау, кейде бiр
иесiне қамшы үйiртiп, жекiртiп.
Қайта айналып келмес пе екен, о шiркiн,
Естан кетпес бақытты шақ, есiл күн!
Бұған қарап қалушы едi бас изеп,
Бал-бұл жанған балауса гүл не сылқым.
Көк биенiң мұңын ұғар бiрақ жан:
Байғана қарт – көптен сырқат, түрi азған.
Алты үйдiң ортасында сабылып,
Секiлдi едi оның дағы күнi озған.
Екi мұңлық екi жерде күн кештi,
Екеуiне бiр қайғы-мұң мiнгестi.
Байғананы iздей ме екен Көк бие,
Шал онымен үнсiз ғана тiлдестi.
Шал бiр күнi таяғанда екiндi,
Балаларын шақыруға бекiндi.
Алты жiгiт, алты келiн, лезде
Жетiп келдi, есеп құрып не түрлi.
Шалқасынан ақ шөлмектей шал жатты,
Шамасы жоқ сөйлеуге де сəл қатты.
Жиналғандар тына қалды анталап,
Сөз күткендей қорқынышты, салмақты.
Байғана қарт өңi қудай бозарған,
Тас бекiнiп iште жатты сөз-арман.
Бар айтқаны: “Көк биенiң жанына
Жеткiзiңдер... Ендi көпке төзе алман”.
Алты ұл жəне алты келiн – таң бəрi:
“Алжыды ма, жынданды ма шал кəрi?...”
Осы кезде қарт көзiнен бiр тамшы
Шықты үзiлiп – аңырғандар аңдады.
Екi жiгiт сүйемелдеп Бəкеңдi
Көк биенiң қарсы алдына əкелдi.
Айбаттанды, қайраттанлы шал кенет,
Ұмытқандай бойды жеңген қатердi.
Көк биенiң жалын жазды ұйпалақ,
Сауырынан, алқымынан сипалап.
Тесiк қора тұрды сонда теңселiп,
Ғайыптан бiр сиқыры мол күй тарап.
Қарамады басына да зеңгiген,
Сүйдi келiп маңдайынан, ернiнен.
Содан кейiн күбiрледi былай деп:
“Саған жолдас бола алмаспын ендi мен...”
Жануардың мойнын құшты қос қолдап,
“Ендi саған кiм қарамақ, дос болмақ?!”
О, керемет! Көк бие де адамша
Жылап тұрды, жанарынан жас парлап.
Жыламады, кемсеңдеп ап жай ғана,
Үздiк-создық былай дедi Байғана:
– Екеумiз де масыл болдық бұл күнi,
Зияны бар, жарамайтын пайдаға.
Екеумiзден сүйкiм кеттi, жоқ шара!
Түнгi шоқтай жылтырайды тек сана.
Жампоздар ек тiтiреудi бiлмеген,
Қара дауыл қабырғадан соқса да.
Жарықтығым, жаси берме, егiлме,
Өкiнгеннен өнер iс жоқ, тегiнде.
Бұл бұғаудан жiберер ем босатып,
Түсесiң-ау пышаққа, не егiнге...
Байғананың ойы кеттi сан саққа,
Кəрi көңiл алағызып алшаққа.
Жануардың жанарынан көргендей
Өз өмiрiн қалған сонау тар шақта.
Өткен ғұмыр – құм екен ғой көшпелi,
Байғана қарт Көк биеге: “Қош!” дедi.
“Жазмыш осы – күнiм таяу... Бақұл бол,
Ренжiткен де кезiм болса – кеш менi!”
Осыны айтып, Байғана шал iркiлдi,
Жөткiрiндi, жөтел қысып күркiлдi.
Бара жатты тiзелерi бүгiлiп,
Буын босап, əлi құрып бiртүрлi.
Аманат қып қалдырды да киелi –
Бiр ауылдың жүгiн тартқан биенi,
Бiр серпiлiп, шошаң етiп иегi,
Шал да басын жер-жастыққа сүйедi.
...Бұл оқиға өткелi де жайланып,
Талай көктем келiп-кеттi айналып.
Бiр кездерi сылаң қаққан келiндер
Іркiлдеген бəбiше боп, майланып.
Ұл ұяға, қыз қияға өрiстеп,
Сан келiнге құтты мекен, қоныс боп,
Алты үй ендi – Үлкен ауыл атанды,
Дəулетi мен сəулетiнде кемiс жоқ.
Уайым-мұңсыз бəйбiшелер жарқылдап,
Жарысады ақ тiстерiн алтындап.
Көк бие жоқ, ауласынан əр үйдiң
Көк “Жигули” көз арбайды жалтылдап.
Құлқы жаман құнығар да құбылар,
Қадiрiне жеткен жандар мұны ұғар:
Көк бие жоқ, Көк биелер тырмысып,
Сүйреп жеткен тiршiлiктiң жүгi бар.
Келеңсiздер кекiрер де, жыртақтар,
Зерделi жан жүрегiне сыр сақтар:
Байғана жоқ, Байғаналар тар шақтан
Аман-есен алып шыққан ұрпақ бар!





Пікір жазу