АҚЫРҒЫ ЕСКЕРТУ
Кездер бар – от жүгiртiп бетiңнен де,
Еңсеңдi баса қояр лепiргенде.
Есiме түседi ылғи сол бiр сурет,
Мүлт басқан қадамыма өкiнгенде.
...Айтылып соңғы ескерту, ақтық үмiт,
Кластың жиналысы жатты жүрiп.
Оқушы Жетесовтiң “мəселесiн”
Қарадық, назарды оған қатты бұрып.
Бастады кластағы белсендiмiз,
Өзi де өжет əрi сөзшең бұ қыз:
– Есiрiп кетiп едiң шектен шыға,
Сiлтеймiз ендi саған семсердi бiз!
Қарамай оқушылық ережеге,
Қалмады сен шақпаған терезе де.
Аузына құлып салып қоямыз ба,
Сенi ендi отырғызып кебежеге?
Жүрмейсiң ие болып тiзгiнiңе,
Күнiне жүз бүлдiрiп, жүз бүлiне.
Аяғын директордың басып кетiп,
Қалдырдың тағы ұятқа бiздi, мiне.
Ескертiп қулықсыз кей аңғалдығын,
Кешiрiм əлденеше алған бұрын.
Шелектей су тұрмайтын – түбi тесiк,
Тойдырды уəдесi жалған мұның.
... Сол-сол-ақ, айтыс қызды, сөз көбейдi,
Əркiм бiр құйқылжытты безбен ойды.
Бiреулер: “Кешiрейiк”, өзгелерi:
“Жетедi, салу керек тезге!”– дейдi.
– Берiлсiн соңғы ескерту!
– Жоқ, болмайды!
Ессiздiк ескертумен тоқталмайды.
Ескерту алғанына ай толған жоқ,
Ол неге сөзiн жұтып, көптi алдайды?
Дəлелдi сыннан – арсыз жалтарады,
Жетесов жүзiн қырын қалқалады.
Сонымен, бiр жылда ол үшiншi рет
“Ең соңғы” ескертудi арқалады.
... Жылдардың басын жұтып тiлдей сағат,
Күндердi өте шықтық жүндей сабап.
Ол кезде ойладық па, сол ескерту –
Екенiн бəрiмiзге бiрдей сабақ.
Қуғандай құр асауды құрық алып,
Əсершiл көңiлдердiң қыбы қанып,
Жетесов алғаш рет соңғы ескерту
Алғанда – көзбен барлап, мұны бағып..
Бақсының тастағандай “жынын” басып,
Шешенсiп, шенеп-мiнеп, дуылдасып,
Жетесов үшiншi рет соңғы ескерту
Алғанда – қалып едiк жымыңдасып.
“Тоятын ескертуге бiр түрi жоқ,
Алар-ау жүзiншiсiн бiр күнi..”,– деп,
Жетесов жетiншi рет соңғы ескерту
Алғанда – шыдай алмай ду күлiп ек..
Алаңсыз өткен сол бiр той-балалық,
Қызықтың шыжығына тойғаны анық.
Талқысын бəрiмiзге тақап тұрған
Тағдырдың сыны барын ойламадық.
Кейiнде басқадай қам, бап шығарып...
Бармадық бұлақ жаққа ат суарып.
Өмiрдiң толқындары тұтқиылдан
Бiздi ендi кете барды қақшып алып.
Толқынға сан көмiлiп, қанша тұрдым?
Сонда да қасарысып, қарсы атылдым.
Бұлт болып жыладым да, Күнше күлдiм,
Дауыл боп ышқындым да, Тауша тындым.
Өзiмдi қиындыққа сайлап барып,
Сайысқа түстiм талай айбаттанып.
Өртiнде өкiнiштiң бебеу қақтым,
Қапыда бармағымды шайнап қалып.
Көрмеген тезге түсiп, бiр сыналып,
Күлетiн Жетесовке тiл шығарып,
Қаперсiз көп сабаздың бiрi мен ем,
Күндерiм өте бердi үнсiз ағып.
Əдейi тап келтiрген ғажабы ма,
Əлде бiр маған айтқан мазағы ма:
Сылынып шыға келдiм, түсiп кетiп
Тағдырдың шыжылдаған қазанына.
О, бiздер қанша мəрте құлап тұрдық,
Күйiнiп, ебiл-дебiл жылап-күлдiк.
Тəттiге елтiп жүрiп, ащы барын –
Таңдайды дəмi ойғанда бiр-ақ бiлдiк.
Өмiрдiң өткел iздеп қиынынан,
Жол тауып шыққан талай тұйығынан,
Күнiне кемiнде бiр сөз еститiн
Жетесов күледi ендi миығынан.
Бiз оны дос пейiлмен батыл сынап,
Жүрушi ек қамқорсынып, жақынсырап.
Бiр кезде Жетесовке күлген басым –
Баратын болдым оған ақыл сұрап.
Ежелден шалағайдың iсi мəлiм,
Белгiсiз қашан пiсiп, ысыларым.
Алдында “профессор” Жетесовтiң,
Кiнəлi шəкiртке ұқсап қысыламын.
Дүние қалтарысын кiм ақтарған:
Жетесов бiз өткеннен құлап қалған..
Ол ендi арғымағын орғытады
Өмiрдiң өзi қойған сынақтардан.
Мен оны алдым қазiр дана көрiп,
Əкемдей əр iсiме баға берiп,
Қайсыбiр қылығыма қынжылғанда:
“Кеттiң бе,– дейдi кейiп,– бала болып?!”.
Кейде бiр зiлсiз күлiп əзiлдейдi:
– Өмiрге адамды сын əзiрлейдi.
Ақырғы ескертудiң көбiн берiп,
Қалдырған өздерiң ғой азын...– дейдi.
Кiм бiлсiн өз көңiлi жұбана ма,
Көбiнше сол бататын “күнəға” да.
Өмiрдiң ескертуiн ести-ести,
Айналып кетiптi ендi ғұламаға.
Керек-ау отқа беттi қарып тұру,
Көздi өткiр сəулелерге қарықтыру.
Кiтаптың сөзiн жаттап бiз жүргенде,
Өмiрдiң өзiн оқып алыпты “қу”.
Өткелсiз ағыстарды мен кешемiн,
Толағай толқындармен белдесемiн.
Сүлей ек, сүрiнудi бiлмей келген,
Түзетiп жатыр өмiр ендi есебiн.
Балалық артта қалды тасаланып,
Бiзге де бiттi инабат, асабалық.
Сонда да опық жеймiн, оқыс жерден
Əйтеуiр бiр бiлместiк жасап алып.
Балалық, жастық көңiл қарқынымен,
Арманның асуына алқынып ем.
Ертеде алмай кеткен ескертудiң
Есесiн қайырды өмiр артығымен.
Шынымен жеңер ме екен аңғалдығым,
Қалайша ұмыт болып қалған бүгiн:
Өмiрдiң ең алғашқы ескертуiн
Қай кезде жəне не үшiн алғандығым?
Құтыла алмаған соң қайшысынан,
Өмiрдiң именбедiк жай сұсынан.
Мен алған ескертудiң есебi жоқ,
Соңғысы басталды екен қайсысынан?...
Көргенде өмiрдiң кей қысалаңын,
Шығатын жол таба алмай тұсаламын.
Ақырғы ескертуден шаршай жүрiп,
Ақырғы ескертуден күш аламын.
Мен оған жасымаймын, көңiл суып,
Тайсақтап, жалтақ атша керi ұмсынып.
Өзiмдi жоғалтпастан сақтап келем,
Ақырғы ескертумен өмiр сүрiп!
Өмiрден артық сұрап, кемiс төлеп,
Табаным тайқып кетсе терiс кенет,
Қатерден қағып менi қалады ылғи,
Ақырғы ескертулер перiште боп.
Бiлмеймiн, жебеп жүр ме дос тiлегi,
Тағдырым сансыз рет кештi менi.
Өмiрдiң маған берген əр сабағы –
Ең соңғы ескерту боп естiледi!