ЛАШЫН
Көңiлiмнiң көгiне
Шырақ алып шығасың,
Жүрегiмнiң төрiне
Ұя салған лашын.
Толқындарын қанымның
Ескек болып ұрасың.
Жалқы ұшқынын жанымның
Жарқ еткiзген лашын.
Сермеп-сермеп ұрғандай
Өршiл ұлан құлашын,
Қушық денең құмғандай
Құзарт көктен құласын.
Жазғырмайын сенi мен
Жыртқыш деп те, жауыз деп.
Бұл дүниеде жемiнен
Бас тартатын ауыз жоқ.
Жорғалаған жыланның
Күйiгi боп, соры боп,
Тұяғындай құланның
Тырнағыңмен соғып өт.
Қыранға тəн құлықпен
Екi өкпеңдi қысасың.
Құзырланам қуып мен
Көңiлiмнiң құсасын.
Күрке тауық секiлдi
Күйез тiрлiк ұят-ақ.
Желге тосам бетiмдi
Сенен дабыл, мият ап.
Өрмiн деген жiгiттер
Өжеттiгiн сынасын,
Уысыңа бүрiп көр,
Шын қайсарлар шыдасын.
Қол тоқпақтай қалпыңда-ақ
Бұлағайсың, бұласың.
Қақ төбемнен жарқылдап,
Ағып бiр өт, лашын.
Құлдилап кел, ездердiң
Құм жiгерiн сусытып,
Алау атқан көздердiң
Ақ моншағын ыршытып.
Сəулесiндей Күн, Айдың
Құйылып кел, лашын.
Құлқыны емес, Құмайдың
Құлқы жуар күнəсiн!
Жүрегiмнiң төрiне
Ұя салған қыран өр,
Көңiлiмнiң көгiнде
Қалықтап сен тұра бер!
Самға, самға төбемде,
Үрей бұлтын ыдырат.
Арманым боп сен өрле,
Көз ұшында зымырап.
Шарла, шарла, шалт құсым,
Бұлтты көктi бұрғылап,
Батылдық пен мəрттiктiң
Дауылпазын ұрғылап.