20.09.2022
  132


Автор: Ғұсман Жандыбаев

НАН ДƏМI

Бiздер едiк – көзге терi құйылып
Өскен ұрпақ нан қадiрiн жиi ұғып.
Кейде бiрақ... Шошып тұрып түсiмнен,
Тəубе етем нан алдында сиынып.
Атам, əжем, əкем, анам жиылып,
“Нанды ысырап етпе!”– деп бiр бұйырып
тұратындай ту сыртымнан қадалып,
Қысыламын, жүрегiм де жиi ұрып.
Содан кейiн өзiмдi-өзiм тергеймiн:
“Нан алдында адалмын ба мен?!”– деймiн.
Сөйтемiн де, күдiктенiп, күмiлжiп,
Қылмыс жасап қойған жандай терлеймiн.
Елiм менiң ен байлыққа кенелсiн,
Киелi асым! Өмiр рухын жеберсiң.
Сенi есiме түсiредi қайталап,
Титтей нанды тiстеп ұшқан көгершiн.
Жаса, жаса, айналайын тоқшылық,
Бəйтерек боп өсе берсiн көк шыбық.
Бiз кiнəлi, бiз кiнəлi, сен емес!–
Ұят қысса, кейде беттен от шығып.
Түйiр нанды басып кетсем аңғармай,
Табанымды шоққа қарып алғандай,
Ыршып түсiп, жерден алам көтерiп,
Кешiрiлмес бiр күнəға қалғандай.
Қадiрмендiм, шайналмасын бармағың,
Жеңiлдетпе түйiр дəннiң салмағын.
Үзiм нанды басып кетсем – дiр етем,
Аттағандай ата-баба аруағын!
Тартқанымен заман шүлен сыйлығын,
Естен кетпес кешегi өткен қилы күн.
Тiлiм нанды басып кетсем – селк етем,
Таптағандай өз баламның ризығын!
“Бiр өсиет қалдыр!”– десе бүгiн кеп,
Қолым жайып жəне үнiм дiрiлдеп,
Ұрпағымның ұрпағына айтар ем:
“Нанды ысырап ете көрме, күнiм!”– деп.





Пікір жазу