20.09.2022
  124


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ДАЛАМДА ЖАНҒАН БIР ШЫРАҚ

Жадына тоқып өскен дала сырын,
Қазақтың қара сирақ баласымын.
Аузынан түскендеймiн сол даламның,
Жанымның жайып салсам бар асылын.
Мен өзiм тауда туып, далада өстiм,
Көргенiм – ақ бас шыңдар, ала көшкiн.
Қырандай бұлдыраған қиял қуып,
Сағымдай толықсыған сана кештiм.
Туған жер бақ дарытып сонда маған,
Бiр соқпақ алып шықтым сол даладан.
Сарғайып атқан таңдар саусағынан
Сағыныш балын жұттым сорғалаған.
Көтерiп жолға шықтым дала жүгiн,
Бұл – менiң таусылмайтын жан азығым.
Бiр мөлдiр бастауым бар өлкеде осы,
Бас алған сол бастаудан бала жырым.
Жыл сайын жаңғырады далам гүлдеп,
Сол кезде мен де көктеп, қалам бүрлеп.
Жаныма шипа болған ыстық демi
Жазады дертiмдi емдеп, жарамды үрлеп.
Таңға – Күн, Ай мен жұлдыз – кешке себеп,
Олар да бойға нəрiн қосты еселеп.
Келемiн жырдың шоғын талмай үрлеп,
Даламда жанған шырақ өшпесе деп.





Пікір жазу