20.09.2022
  311


Автор: Ғұсман Жандыбаев

АҚИҚАТ ТУРАЛЫ АЙТЫС

I
Қандай едiң, албырт көңiл балғын жас,
Ұшқыр қиял, сiрə, қамшы салдырмас.
Ендi ғана көзi ашылған бұлақтай,
Бетiң ауған жаққа қарай, ал, бiр қаш!
Балалықтың соңғы жыры – балдай-ды,
Өлара шақ... Көздi сағым арбайды.
Жұмбағы көп, қызығы мол өмiрдiң
Əр тарабын балаң оймен барлайды.
Албырт көңiл, шаршамай шарқ ұратын,
Алып ұшқан арманы мен мұратын.
Сейтен менен Айтанға да, бұл өмiр –
Сұрақ белгi, леп белгiден тұратын...
Сейтен – нəзiк, талдырмаштау, сұңғақтау,
Алпамсадай Айтан “сайтан” сымбатты-ау.
Бiр-бiрiне адал едi, тек қана
Шындық жайлы айтыс жанға шын батты-ау.
Он алтыға ендi толған бозбала,
Бұрынғыдан ой да дара, сөз жаңа.
Қиял шоғы қылпың қағып қызған шақ,
Үрлеп қалсаң – лап етедi тез жана.
Сейтен, бəлкiм, Айтан досын сынады,
“Өмiр деген немене?”– деп сұрады.
– Осыны да сөз дейсiң бе, тəйiрi,
Өмiр деген – шыбын жанның тұрағы.
Өмiр деген – құйын қуған қу тiрлiк,
Өмiрдi ұқсаң – ең алдымен құлқынды ұқ.
Бұл жалғанның опа берер түгi жоқ,
Қуаныш пен қайғысы да бiр күндiк.
Сейтен:
– Мына сөзiң шошытады менi өте,
Өзiңе-өзiң айтып тұрсың келеке.
Өмiр деген – тұнып тұрған береке,
Өмiр деген – аяқталмас мереке.
Ақыл тапсаң табиғатпен тiресер,
Мұрнын тескен тайлақтай боп iлесер.
Дүниенi өз заңымен бағындыр,
Өмiр үшiн күрес деген, мiне, сол.
Айтан:
– Табиғатпен тартысам деп, жұтаттың,
Тамыр солса, күнi қараң бұтақтың.
Өзiңе əбден оқу өтiп кеткен бе,
Күндiз-түнi сөзiн жаттап кiтаптың.
Ақиқаттың бұл бiр заңын аштың ба:
“Қой жеме!”– деп, қалай айтам қасқырға?
Əр мақұлық – өз əлiнше бiр жыртқыш,
Несiбi бар кəрiнiң де, жастың да.
Сейтен:
– Мəз болма сен, “тың жаңалық аштым” деп,
Ақыл-ойды тағылқпен тас күрмеп.
Адам деген қасқыр емес, өздi-өзi
Бөлiнбесiн қой боп жəне қасқыр боп.
Айтан:
– Қызыл аңсап тұрғанымен құлқыны,
Есепшiл боп алды қасқыр бұл күнi.
“Қойды қорғау қоғамдарын” құруға
Өкiл етiп жiбередi түлкiнi.
II
Сейтен бiрде: “Бақыт деген не?”– дедi.
Айтан айтты:– Оның бар не керегi?
Ойсоқты боп, мəжнүн болып барасың,
Бұл бос қиял қандай опа бередi?
Бақыт деген – бұлдыр сағым, құр қиял.
Аңсағанмен – маған оны кiм қияр?
Өз айбынын асқақтатпақ болғандар
Өзгелердiң алауына су құяр.
Бойда қауқар болмаған соң салмақтар,
Бет-бетiмен безбей қайтсiн қаңбақтар.
Құлашыңды кеңге серме, қолыңның
Жеткен жерiн желдей жайпап, қармап қал.
Бұдан басқа бақытыңды бiлмеймiн,
Дей алмаймын: “Əлдекiмдi күндеймiн”.
Өз қолымда болмаған соң, өзгенiң
Құдiретiн көзiме де iлмеймiн.
Сейтен:
– Бұл түрiңмен жауым да сен, жатымсың,
Мендей достан айырылуға жақынсың.
Шiрiк томар секiлденiп, құж-құж бiр,
Құмырсқаның илеуiнде жатырсың.
Əй, Айтан! Сен, сырттай бақсам – кiсi-ақсың,
Ал, iшiңе үңiлгенде – ұсақсың.
Көңiлiңнiң көзiн бiтеп, санаңды
Өзiмшiлдiк шiдерiмен тұсапсың.
Бақыт деген – iзгiлiкпен кезiгу,
Пенделiктiң шылауынан безiну.
Өзiңе емес, ең алдымен Елiңе
Керек адам екенiңдi сезiну.
Адам деген – қашанда адам, ол мал ма?
Қара басын күйттегендер оңған ба?
Сен өзiңдi бақыттымын деп сезiн,
Халық сыйлап, қастерлейтiн болғанда.
Айтан:
– Халқы сүйген халқын сүйiп өте ме?
Қара бастың қамын күйттеп кете ме?
Қасқыр қойды “сүйгендiктен жеймiн” деп
Жария айтса – не кiредi жетеңе?...
III
Сейтен шiркiн таласқа бiр тоймайды,
Айтысты ма – жеңбей тағы қоймайды.
Айтан болса, пəтуасыз бұл даудан
Жеңiлсе де, құтылуды ойлайды.
“Алданғанша тұрлауы жоқ айтыспен,
Айкүмiспен қыдырсам-ау байғұс мен.
Гүлбаршындай бұраң белге бұрылмай,
Мына Сейтен шошынып жүр қай түстен?”
Сейтен тағы досын барлап, сынады:
“Шындық деген немене?”– деп сұрады.
Шоқ басқандай шоршып түстi, ал, Айтан,
Тосын жайды естiгендей құлағы.
Айтан:
– Болдым ығыр, жетер емес шыдамым,
Қайтсем ғана көкейiңнен шығамын?
Ойлап-ойлап, тағы ненi шығардың,
Тауып алған шындығың не, шырағым?
Сейтен:
– Жөнге бақсаң, шындық – бақыт, шапағат,
Қисық тартсаң – бұлтартпайтын шапалақ.
Сендейлердiң көрiп оны құбыжық,
Құны-перен қашатыны шатақ-ақ.
Өз iнiне дəн тасыған тышқандай,
Ел байлығын тонайтындар дұшпандай,
Елсiз өмiр сүре алмасын бiлсе де,
Ұялар ма, ар болмаса мысқалдай.
Айтан:
– Қарап тұрсаң, жұрттың бəрi шыншыл-ақ,
Жалғандықтың жаны қалай жүр шыдап.
Кiмдi көрсең, сол бiреудi сөгедi:
“Адал емес, əй, бiр қу!”– деп, шымшылап.
Жұрттың бəрi кiлең жайсаң, жаны iзгi,
Ала жiптен аттамайтын тəрiздi.
Олай болса, қайдан ғана шығады,
Шындық iздеп, айтатындар арызды?
Сейтен:
– Ақиқатқа жете алмайсың талпынбай,
Биiк тауға шыққандай боп алқынбай.
Шындық кейде – қалың құмның iшiнде
Жылтыраған жалғыз түйiр алтындай.
Айтан:
– Ақиқатты тəуелсiз деп ерiктен,
Мойындаймыз, ал мынаны көрiп пе ең:
Кей-кейде бiз үймелеп кеп шындыққа,
Үркiп қайта қашқақтаймыз нелiктен?
Күзетемiз тазалықтың бастауын,
Қаламаймыз оны ешкiмнiң ластауын.
Онда неге көрмегенсiп шындықты,
Жалғандықтың көтеремiз шашбауын?
Ақиқатты ардақ тұтып келемiз,
Жалғандықтың жазасын да беремiз.
Кейде бiрақ жөргектегi шындықты
Шырқыратып кете аламыз неге бiз?
Майды аламыз ажыратып көбiктен,
Кейде бiрақ, жайымыз бар көнiккен:
Жалғандыққа төр ұсынып, Шындықты
Босағада телмiртемiз нелiктен?
Ақиқатты асыл тұтып келемiз,
“О, шындық!”– деп тамсанамыз, төнемiз.
Кейде бiрақ, қас шындықтың жүзiне
Тiк қарауға тайсаламыз неге бiз?
Сейтен:
– Жанарға сын асыл тастың жарқылы,
Көз қаратпас шаңқиған Күн шарпуы.
Қалың бұлтқа жасырынған кезiнде
Қадаламыз оған бiз бұлт арқылы.
Екеу емес, бiреу ғана Күн – шындық,
Келе жатыр табиғатын тылсым ғып.
Оған тура қарау үшiн көз керек!
Сондықтан да, кейде рас, қымсындық...
Айтан:
– Қонады ойға, дауласпаймын сөзiңе,
Өткiр-ақ қой ақиқаттың өзi де.
Кейде тура қарай алмай қаламын
Мен де сенiң ұшқын атқан көзiңе.
Ақиқаттың сыры түпсiз, əй, терең!
Гүлбаршынды бақытым деп айтар ең.
Сұқтандырған сол сұлуың кенеттен
Су астынан шыға келсе қайтер ең?..
Сейтен:
– Онда, онда...
Бетiм ауған жаққа мен
Безiп кетiп, айдалаға тоқтар ем.
Айтан:
– Бəрiбiр сен iздеп оны қайтадан,
Таппай қалсаң, кең дүниенi ақтар ең.
Сейтен:
– Айтқаныңа тудырмаймын талас-дау...
Айтан:
– Болғанымен қарапайым, қораштау,
Шындық деген – суда жүзген сұлудай
Тартымды да... көрер көзге оғаштау.
Сейтен:
– Тапқаныңа, теңеуiңе болайын!
Айтан:
Салмақта да, өзiң ойлан о жайын.
Бiрақ алмас ақиқатпен бетпе-бет
Кездесудiң көргенiм жоқ оңайын.
Сейтен:
– Оның рас, шындық деген – қызыл шоқ,
Күйiп қалсаң, төзiмiңнiң тұзын сеп.
Қызыл шоқты қолмен ұстау қауiптi,
Отсыз үйдей – онсыз тағы күнiң жоқ.
...Қос жүйрiктей шабысы тең, сай күшi,
Бiтер емес екi достың айтысы.
Жүр екеуi жүгiнбек боп Шындыққа:
Оң я терiс – қайсысының қай тұсы?..





Пікір жазу