20.09.2022
  120


Автор: Ғұсман Жандыбаев

САЙГҮЛIКТЕР

Жолбарысжонды бөрте-дi,
Жалын едi, өрт едi...
Пай-пай, пай-пай, жануар,
Шоқтығы – шоқы, жалы – жар!
Шаңын жұтқан жабылар
Жарты жолда жанығар.
Екi саны күпшектей,
Жiлiншiктерi – пiспектей,
Тостағандай тұяғы
Шашасы – қыр қияғы.
Қос танауы – көрiктей,
Екi көзi өрiктей,
Тұйғын өкпе демiкпей,
Желден озған елiктей.
Жылтыр түкте ойнап шық,
Ор қояндай ойнақшып,
Алып ұшса құйындай,
Аруағыңа сиынғай!
Арқасына құс қондырмас,
Шашасына шаң жұқпас.
Күндiк жолда болдырмас,
Айлық жолда шалдықпас.
Желден бағыт айырып,
Жер иiскесе тыңайған.
Түз тағысын қайырып,
Тұяғымен шым ойған.
Тұлпар көрсе тұспалдас,
Қос тынысы ашылған.
Төрт тағадан ұшқан тас
Қақпақыл боп шашылған.
Қуып берсе – алдынан
Тұяқтыны өткiзбес,
Қашып көрсе – қаңғыған
Қанаттыға жеткiзбес.
Таза ауаны мол қарпып,
Оқыранып, жер тарпып,
Тұла бойын тер қысып,
Тамағының безi iсiп.
Етi ысып, қалшылдап,
Ауыздағы қаршылдап,
Қаны қызып қиқудан,
Түн оятар ұйқыңнан.
Ағытып ап белдеуден,
Ағындатсаң бел-белмен,
Болатындай сол деммен:
Көңiлiң – аспан, көл – кеудең.
Қиналғанда бiрге сол –
Жан досыңдай тiлдесер.
Қолы ұзарар жiгiттiң,
Жолы ұзарар үмiттiң.
Пай-пай, шiркiн, жануар,
Шоқтығы – шоқы, жалы – жар!
Сенсiз көңiл – шерменде,
Сенсiз өмiр – шеңгелде!
Ту ұстайтын азамат
Тұғыр мiнсе – сол азап!
Жеңбес жауын жер қылып,
Ертпес елiн сендiрiп.
Азат ойлар қоғамы –
Алтын тақтан жоғары!
Сол ойлардай бағалы
Сайгүлiктер бар əлi!
Пырақтардың пiрi, үнi,
Тұяқтардың дүбiрi
Қалаларды, даланы
Жаңғырта бiр, жаралы –
Шеңбердегi көңiлдi,
Шеңгелдегi өмiрдi
Еркiндiкке, теңдiкке,
Кеңiстiкке, кеңдiкке
Алып ұшып барады!
Сайгүлiктер бар əлi!





Пікір жазу