20.09.2022
  115


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ЕСКI ШОҚ

Кiбiртiк, жем түскендей аяғына,
Зар болған желiс түгiл, аяңына,
Кiнəмшiл, кiрiптар шал таяғына –
Жалындап ғашық болған баяғыда.
Жалындап баяғыда... ғашық болған,
Көктемгi тау суындай тасып-толған.
Босқа шапқан... Маңдайын тасқа соққан,
Ол содан “соры қайнап”, жасып қалған.
Бүгiн шал, баяғыда жiгiт болған,
Бiлекте күш, жүректе үмiт толған.
Қырымен алақанның бiр соққанда,
Қақ бөлiнiп асықты жiлiк қалған.
Бұл күнде мəнжубас шал кiсi аярдай,
Ұйықтамас қысқа түнде үш оянбай.
Қиналды-ау, бұл сексеннiң жүз күнi де
Отыздың бiр сəтiне ұқсай алмай.
– Ақсақал,– дедi жiгiт,– шалымызға,–
Бiр сөз айтсам, тимеспiн шамыңызға.
Жайын сiз ғашықтықтың түсiнбейсiз,
Бұл бiзге жөн айтатын шағыңыз ба?
Шалымыз мырс еттi де, тоқтай қалды,
Не десе жөн? Шiркiндi боқтай ма əлгi?!
Тартылып қалған өзен қайта тасып,
Ескi шоқ елеуреген отқа айналды.
Сайрап тұр көкiрегiнде... Бəрi iшiнде.
Ұмытқан жоқ ғашықтық мəнiсiн де.
Қартаймас жүрек шiркiн жүз жылда да,
Бəрiбiр, жассың ба, əлде кəрiсiң бе?!





Пікір жазу