20.09.2022
  144


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ҚЫРАНЫМ

Қыран ең балапаннан сыңар ұшқан..
Дауылды – тас ұядан шыға құшқан.
Тап болып таң дүниеге үңiрейген,
Жат көрiп жүз таңырқау, бiр үреймен,
Беймəлiм бөгде түйсiк бойды алғанда,
Көз тiгiп айналаңа, ойланғанда,
Төменнен – жердi гүлмен көмкерiлген,
Төбеңнен көктi көрiп төңкерiлген,
Жiгер мен қайратыңа қатар сенiп,
Кеткенсiң шексiздiкке сапар шегiп.
Сен, бiрақ iркiлместен самғай бердiң,
Жамылдың шарбы бұлтын шалғай жердiң.
Тағдырың тап қылғанда ауыр сынын,
Майысты қатаймаған қауырсының.
Жер-көктiң жiтi аңдап қылт еткенiн,
Биiктен шүйiлгенде, мүлт кетпедiң.
Үстiнен ұшып өттiң шалқар көлдiң,
Сан сала, сайын дала, салқар белдiң.
...Балапан шағың едi, елең-алаң,
Ақ үрпек, топшың бекiп тола алмаған.
Аттанып бiр сапарға жөнелдi анаң,
Сор айдап, содан қайтып оралмаған.
Қыран ба өздiгiнен оңалмаған,
Сiлкiнiп, тұғырына қона алмаған?
Анаңның қанатына оранбаған
Қатыгез қарлы аязда борандаған
Көзiңнiң ұшқындары жоғалмаған.
Жетiмек қайсар болып жетiлгенсiң,
Жалама жартастардан секiргенсiң.
Етiңнен ет кессе де, ғұмырыңда,
Бетiңнен тайсалмасқа бекiнгенсiң.
Үйреткен шарықтауды – тiлсiз түндер,
Үйреткен жалықпауды – үнсiз күндер,
Ширығып шын айқасқа құмар сезiм,
Басталған бақ-бабыңды сынар кезiң.
Өткен-дi өн бойыңнан өрт жүгiрiп,
Жайтаңдап қызыл шоқтай қыран көзiң.
Сен, сiрə, бола алмассың өкпелi де,
Тартыспен өмiрiңнiң өткенiне.
Бiр буда буыншақтай бұлт үйiрiп,
Кiл қалқып, кiдi шалқып, кiлт иiлiп,
Танытып тартқаныңды дөп тегiңе,
Сүйектес, қандас, дiттес, көп теңiңе,
Сайраншыл самғауыңмен көк төрiне.
Жолықтың қанша жаз бен көктемiңе?
Қыраным, топшың берiк, қаның тұнық,
Кеудеңдi жан шыдатпас жалын буып,
Серпiлiп шырқау көкке шыққаныңда,
Қалмас па iштен ғана жауың тынып.
Сырыңды сырт əлемге бiр бермейсiң,
Шайқасқа ұран салып кiргендейсiң.
Зəуде бiр əуелеп ап, əудем уақыт
Өзiңдi сиқыр жiпке iлгендейсiң.
Демiңнен дене ширар күй таралып,
Ұйыған уыз ауа ұйпаланып,
Астынан қанатыңның дауыл тұрып,
Сен өтсең, қарамас па бəрi ынтығып.
Қияннан қиып түсер қимас құсым,
Бойыңа алапат мол сыймас күшiң.
Анаңнан дарып қалған бiр қасиет –
Ұйықтайсың иегiңдi шыңға сүйеп.
Төзбейсiң масылдыққа, пасықтыққа,
Сөз емес, биiктiк те, қашықтық та.
Азулы аусарлардан тайсалмадың,
Жасық пен жансарларға бой салмадың.
Тепсiнген тегеурiнге сай самғауың,
Теңермiн саған көктiң қай саңлағын?
Бiлместен тумысыңнан томағаны,
Тар құздан таңдап табар қонағаны,
Қиынды тiлеп тұрар, қызба қаның,
Қиырды мұрат қылар мұзбалағым.
Жадына ұстамайтын жан керегiн,
Ақ жүрек мəрт батырдай аңғал едiң,
Ызадан жарылардай iшi қайнап,
Дұшпаның аңдымас па тiсiн қайрап.
Жүргенде қасты елемей, досқа сенiп,
Қапыда маңдайыңды тасқа соғып,
Опық жеп қала көрме, қыраным-ау,
Қашанда қалтарыста тұрады жау.





Пікір жазу