20.09.2022
  270


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Алакөл

Балық пен құстың базары,
Байлықтың шүңет қазаны,
Жұтып өскен лебiзiн
Жұпар иiстi теңiзiм–
Алакөлiм, айбыным,
Iнжу сүзер айдыным.
Маңдайына бiткен бұл
Меңi ме едiң даламның.
Мұрасындай тiптен бiр
Мөрi ме едiң бабамның?
Дала мүлгiп, тау қалғып,
Тыныс аған кезiнде
Ояу жатқан аунақшып,
Алакөлiм, өзiң бе?
Жағалауың– жəрмеңке,
Шат-шадыман шалқулы ел.
Шар тарабың– дəндi өлке,
Астық тұнған алтын бел.
Түйсiне алмас сүйсiнбей,
Қалампырдың иiсiндей–
Алтын белден жамырап,
Аңырап бiр аңқыр жел.
Жауар бұлттай жұмсарып,
Бусанғанда жалқын көл,
Тау маңдайын бу шалып,
Балауыздай балқыр жер.
Таудың үстi– пүлiс түк,
Қойны-қонышы– ырыс-құт,
Қорығы– зор зоопарк,
Қорымы– мол тыныштық.
Адымыңды аштырмас
Бүлдiрген мен таңқурай.
Алмалары– қақтырмас,
Қарақаты– жаңбырдай.
Шөбi шүйгiн, құнарлы,
Түгiн тартсаң май шығар.
Жайылған мал құлағын
Тоқмейiлси қайшылар.
Шұбатылған көгендей
Бунақ-бунақ бұлағы;
Жартастары қыналы,
Қолат-қолат кең қойнау.
Ата қоныс – ен жайлау.
Еш көрместен қол байлау,
Ат үстiнде қолдасып,
Мал мен жаннан жай сұрар,
Үлкенiне кiшiсi
Əулиедей бойсұнар,
Шiркiн, бiздiң қойшылар,
Шiркiн, бiздiң қойшылар!
...Көлiңе сүңгiп Ай бұққан,
Жерiңе – бақыт, байлық тəн,
Елiң де iске құлықты,
Желiң де ерке қылықты.
Төскейден төмен тепсiнген
Тентегiң – теңбiл өзенiң,
Маңдай терiм көп сiңген
Биiк-биiк кезеңiң,
Терiп жеген жемiсiн
Өрнегi өзге өрiсiм,
Өскен жерiм, өз елiм,
Өкпе-бауыр, өзегiм,
Сенiң нұрың – көзiмде,
Менiң жырым – өзiңде!





Пікір жазу