ҚЫР СУРЕТI
Уа,
Жөңкiлсе бұлттар дүркiреп,
Бұзылған сеңдей күркiреп,
Көк-күмбездiң қоңырауы
Күңгiрлеп берсе, күмбiрлеп.
Аспанның иiп омырауы,
Ақ жаңбыр құйса-ай сiркiреп.
Аунап тұрған көгалға
Арғымақтай сiлкiне,
Бабына келер болар ма
Дүние шiркiн дүр түлеп!
Сыңсып өтiп нұр-лек,
Шым-шым етiп жылы леп,
Риза ғып үмбетiн,
Əншейiн бiр үлбiреп,
Шыға келсе, Күн бетiн
Кебу бұлтпен сүлгiлеп.
Күн қызының бантигi
Сияқтанып өзiнше,
Өрнек сəнi сан қилы
Жетi тарам – өрiмше,
Кемпiрқосақ керiлсе.
Сағым буған тау шыңы
Дараланып бар сыны,
Жұмыртқадай аршылып,
Тап қасыңнан шаншылып,
Сараланып көрiнсе.
Шұрқырасып қосылып,
Жолды бөгеп жосылып,
Өңшең асау пырақша,
Салдыр-гүлдiр су ақса.
Дəлдүр-дүлдiр бұлақша–
Тай-құлынын уақша
Үйiрiмен шұбатса.
Шалғын кешкен малшылар,
Тоғай кезген аңшылар,
Малмаңдай боп малшынар–
Ақ маңдайлы тамшылар
Жалт
-жұлт етiп сынапша.
Аң мен түлiк лепiрсе,
Қунаң қаққан құр атша.
Балақандар секiрсе,
Асыр салып лақша.
Бұғыңқы жүрек бұлқынса,
Бұйығы жүзге нұр тұнса.
Булыққан сезiм бусанып,
Алқынған көктiң бұлтынша,
Бұла бiр күшпен ұмтылса.
Анадай күлiп Күн тұрса,
Бала
-дүние құлпырса.
Бұрынды
-соңды еш ақын
Айтып та жазып көрмеген,
Жүрекке тiке беттейтiн,
Тiл құдiретi жетпейтiн,
Ырғағы ырғын жыр туса.
Жыр туса рухы тiл байлар,
Терең батып, бiр бойлар.
Көңiл шөлiн қандырып,
Сазды, назды үн жайлар.
Түске кiрiп, өңiнде
Құдiретiн күнде ойлар.
Байыз тауып қонбай дəл,
Дүрлiгiскен торғайлар –
Нəрлi өзегi балқыған,
Нəн тамшылар толқыған
Жасыл талға жапырлап,
Жамылса жас жапырақ.
Құс атаулы со бойда
Бастап кетсе той-сауық.
Əсершiл ақын тоғайда
Үн терiп жүрсе, ой сауып.
Сонда, соно-оу қыратта
Қос жас шопан қой бақса.
Қалың отар бiр уақта
Ойыса кеп бұлаққа,
Төмен құлап, ойға ақса.
Шөлiн əбден қандырып,
Қайта беттей қайрылып,
Қау шалғынмен бой жапса.
Екеудiң бiрi – естi қыз,
Ендiгi жұбы – жiгiт боп,
Құлшынып тұрып сырласса,
Қымсынып күлiп, тiл қосса.
Биiк жалға жайғасса,
Өрiс жайын ойласса,
Ұлы уағда байласса!
Пау, шiркiн!