КЕЙДЕ МЕН...
Көңiлсiзбiн кейде мен:
Бақытымның бал даусын естiмеймiн,
Ет-жүректi тiлгiлеп, кескiлеймiн.
Солып қалған сорлы бас асқабақтай,
Аш қарынға, ашынам, ас та батпай.
Тарамыстай ширығып əл-шыдамым,
Қара терге сұп-суық малшынамын.
Боран ұлып кеудемде ала бөтен,
Тiрлiгiмдi болымсыз талақ етем.
Айтып-айтпай не керек, достарым-ай,
Отырғам жоқ тарылып босқа бұлай:
Осы өмiрдiң өгей бiр баласындай,
Жүдер кезi жүректiң бар осындай.
Көңiлдiмiн кейде мен:
Мергендеймiн сол кезде құлан атқан,
Жiгiттеймiн асауды тұралатқан.
Өзендеймiн қысаңнан құлап аққан,
Кiсiдеймiн арылған кiнəраттан.
Күнi сонда шаттықтың күркiрейдi,
Қайғы-бұлтты шаштан ап сiлкiлейдi.
Ақ нөсерi шабыттың сiркiрейдi,
Сел-тасқыны сезiмнiң дүркiрейдi.
Аяқталмас жүрегiм жыр тiлейдi,
Жетi түнде көзiме Күн түнейдi.
Сүңгiп шыққан көлiне көгiлдiрдей,
Мең-зең көңiл, беу шiркiн, бiр түлейдi!