Генерал Қарбышев
Гид! –
Алапат өткен аждаһа мекенді аралатқышым,
Абыз жүректің сарамжал сырын саралап түсін.
Тас тұғырдағы айпара тұлға – жерлесім менің,
Генерал, сәламатпысың,
Ұшырдым жырдың саған ақ құсын!
Қарақан қасірет теңізін түндігім кешкен,
Ұмытармын ба 1418 мұңды күнді естен.
Маутхаузен топырағында баба тарих
Жекенсал ерліктің кіндігін кескен!
Ұмытармын ба!
Жиырма миллион нар өлім құнын,
(Сақи аналар солдырған сан өрім гүлін)
Жұпар дүние нұр таңда жыламасыншы
Бейбітшілік - әскери паролім бүгін.
Фашизм…
Түнек түндей торлады жер-көкті кінәң,
Маутхаузен мақамы мұңды тербетті бір ән.
Қанезу ажалдың қара бетіне түкірді
Советтік келбетті қыран!
“…Кісәпір жаудан жасқану – жарамас қылық,
Отан үшін отқа түс, қара басты ұмыт”-
Деді генерал Карбышев алты асу асқан
Австрия аязында жалаңаш тұрып!
Төрт жыл ғұмыр фашистік “тамұқта” өткен,
Жолбарыс жүрек бизар-ды жарыққа көптен.
Есінде оның: барактас бауырлар мұқым
Тажал – крематорийлерде жанып та кеткен.
Февраль түні…
Бәдәуи бұлттар бауырынан қар ұшқындаған,
(Одақтың тағы бір өжет ұлымен танысқын, ғалам!)
Әскери академияда осынау бәкене шалдан
Болашақ командармдар дәрістыңдаған.
Қарт генералдың бозторғай жаны кептелді кекпен,
(Көре алмайды енді ол жеңіс қоңыраулы көктемді жеткен)
Ұққаны мынау: Отанды сүйген жүрекке лайым
Найзалы намыс өктемдік еткен.
Ұшан тау ерліктің танытып ұлық кескінін,
Сусамыр мұздың солқымын тұрып кешті ұлың.
Зұлмат дұшпан зұлымдыққа бөктірді, Отан
Қаһарман қырық бес түнін.
“Өңменге түйіп өлімнің жерік қасқырын,
Кіндікжұрт рухын жаныңа теліп бас бүгін!”-
Деп соқты жүрек бір сәтке, әмсе ұмытпан
Коммунистің берік дәстүрін!
Қайырдық жаудан қисапсыз құла қан нарқын,
Мәзірлі жеңіспен жұбанды жылаған халқым.
Беу, ұрпақтар!
Жарық күндерге жылынар ма едік,
Мұз боп қатпаса бұл адам бәлкім?!
(Қолжазбадан көшірілді)