20.09.2022
  154


Автор: Сағат Әбдуғалиев

Ағалар әңгімесі

Қадым жылға қанат қағып ой-кептер,
Куә жүрек көрбілтесіз сөйлеп көр:
Кимедік біз былғарыдан бәтеңке,
Қиял еді жамауы жоқ көйлектер.
Қайғы кешкен кірбің кезең, о, біздің,
Көзімізден күміс теңге көп үздің.
Бота буын балалық шақ байланды
Бас жібіне соқа тартқан өгіздің.
“Е, қиындық, ен ауылды кезе бер,
Тәрік қылмақ тәлкегіңе төзеді ел!”
Тіршіліктің тегершігін тұрды ұстап
Қара талқан, қара кебек көжелер.
Лаң соғыс лақтырғанша мылтығын,
Тылдағылар тапқан жоқпыз бір тыным.
Бажайласаң біздің ұрпақ, бауырым,
Жанбай қалған шилері ғой шырпының.



(“Орал өңірі” 1979-80 жылдар шамасы, 12-19 ақпан. Бұл соңғы төрт өлең басылған
газет бетіне автор өз қолымен “Тубдиспансер” деп жазып қойыпты.)





Пікір жазу