20.09.2022
  171


Автор: Сағат Әбдуғалиев

Жүзім сатқан агроном

Жырлап кетсең аспан да өлең, жер де өлең,
Қайран өлең тіршілікті тербеген.
Жұрта алдына ақтарайын бұл сырды
Нән шаһардан бір досымды көрген ем.
Сәркіл таңда сандуғаштар саз құйып,
Жасыл бақтар бойын түзеп, жазды иық.
Мектеби дос жүзім сатып тұр екен,
Кемпір-шалдың қатарында қаздиып.
Ақын жаны көрген емес сыр сақтап,
(Жырым менің, елім үшін мұрсат тап).
Бес жыл оқып білім алған агроном
Базарда тұр маңдай тері бұршақтап.
Бәтшағарың құйқылжытып күрт үнін,
Мадақтайды жүзімінің түр-түрін.
Қос жанары табанда ағып түсердей
Тиындарға тік кезейді-ау кірпігін.
“Сырт көздерден сескенбе, дос, сескенбе,
ақша барда жақ ашпайды еш пенде.
Кишиневта ерте піскен жеміс қой,
Бұл жүзімнің бір килосы бес теңге!
Сауда жолы іздегенге – ізгі дәм,
Көнтақы боп үйренгенбіз біз бұған.
Орны бөлек нәпақаның үлкені –
Таразыдан қағып қалған жүз грамм!
Тіршіліктің қағидасын біл, түсін,
Өмір кешіп жүрген жоқпыз жұрт үшін” –
Деп бетпағың орамалмен сүртеді
Шайыр болған шоң желкенің қыртысын.
Оу, ағайын, ақиқатқа ақкөз кім?
Мен досымның кәсібіне шақ төздім.
Жүзім емес, бет қызылын сатып тұр
Бас маманы болар адам совхоздың.



(Жоғарыдағы төрт өлең топтамасы 1976 жылы 16-қазанда
облыстық “Орал өңірі” газетінде жарық көрген)





Пікір жазу