Торда тұрған жолбарыс
(Аман Есқұловқа)
Мәрт үрдісті жүрегін міз бақпаған,
Суық тордың солқымы сыздатты әман.
Қарға адым жер қараң боп қарғанады
Таудың тарғыл тағысы мұздақ табан.
О, жолбарыс, жорыққа жырынды ұдай,
Кегежеңнен тартты ма қырын Құдай?
Құндыз бауыр күн нұры сипамайды
Жан тимеген жоныңды бұрынғыдай.
Сіңіп қалған серілік сұс ұқтырып,
Сілкінгенмен кей сәтте ұшып тұрып
Тұтақ темір тәсіңді тәлкектеді
Барыс емес, кәдімгі мысық қылып.
Таулар еді жалғанда тірек, панаң,
(Қарау істің қамына түлетті анаң)
Көкжиекке телміріп күрең жанар
Бота сынды боздайды жүрек тәмам.
Жан әлемде ұлардай ұлып құсаң,
Шуақ күннен үздің-ау үмітті ұшан.
Көрші торда табалап маймыл отыр
Кісәпірің көрсетіп қылықты сан…
Төзім бітіп кіжінген текке есілің,
Темір тордың тағы да тепті есігін.
…Ірілікті қайсыбір сүймесе өмір,
Ұлы болсаң ұлы бол, жоқ кешірім!
(16.10.1976 ж.
“Орал өңірі” газеті)